Белгілі актриса әрі продюсер Дариға Бадықова балалық шағында өзі куә болған жоқшылық пен отбасының ауыр тұрмысын еске алып, сұхбат барысында көз жасына ерік берді, деп хабарлайды Alash.kz.
Журналист Айнұр Асанбердіге берген сұхбатында өнер иесі кішкентай күнінде үйде кейде тіпті қант пен күнделікті азық-түліктің тапшы болғанын жасырмады. Тұрмыс тауқыметіне қарамастан, кішкентай Дариға жақындарына көмектесудің амалын іздеп, қиындыққа мойымауға тырысқан:
«Мен Дариғаға ризамын. Уфф, жыламаймын деп едім. Жұрт мені жыламайды деп ойлайды. Мен кішкентай кезімде «қант жоқ, басқа жоқ» десе, «неге жоқ, табу керек қой» деген ой болатын. Қалай жоқ болады ол? Неге жоқ деп ойлайтынмын», — деді актриса ағынан жарылып.
Отбасын асырауға бала күннен араласқан актриса жұрт демалатын түскі уақытта ауылдың төрт-бес көшесін аралап, ән айтатынын, ал тұрғындар оның өнеріне тәнті болып, қолда бар азық-түлігін ұсынатынын айтты:
«Сонда түсте әрбір көшеге шығып, ән айтатынмын. «Қант, алма, құрт» деп ән айтсам, әркім қолындағысын беретін. Оларды жинап, үйге алып келетінмін. Інім мен әпкемнің жегеніне мәз болатынмын. Солар жесе екен, солар ішсе екен деп ойлайтынмын», — деп еске алды өнер иесі.
Сондай-ақ Дариға Бадықова өзіне ылғи қолдау көрсеткен туған ауылының тұрғындарына ерекше алғысын білдірді. Өткеннің ауыр сәттерін еске алу актрисаға оңай тимей, сұхбат үстінде көңілі босап, көз жасын тыя алмады.