Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Журналистерді қамап тастады»: Руслан Өтепбай соттағы келеңсіздік туралы айтты (ВИДЕО)

16:40, 03 шілде 2026

Алматыдағы Алмалы аудандық сотында заңгер әрі блогер Әділетхан Молдаханның ісін жазуға келген БАҚ өкілдері сот қызметкерлерінің өз жұмыстарына тұрпайы түрде кедергі келтіргенін мәлімдеді, деп хабарлайды Alash.kz.

Журналист Руслан Өтепбайдың айтуынша, сот ғимаратындағы мамандар ресми өкілдерді арнайы бөлмеге қамап, сыртқа шығармай қойған. Соның салдарынан тілшілер қауымы сот отырысы аяқталғаннан кейін айыпталушының өзінен қандай да бір ресми пікір немесе түсініктеме алу мүмкіндігінен айырылды. Ол дәл осындай келеңсіз жағдайдың осының алдындағы күні де қайталанғанын алға тартып, оқиға орнында түсірілген бейнежазбаны әлеуметтік желідегі жеке парақшасында жариялады.

«Алмалы ауданаралық сотының қызметкерлері журналистердің құқығын шектеп, бізді сот ғимаратынан шығармай, кәсіби қызметімізге кедергі келтірді.

Бұл жағдай кеше де болған, бүгін тағы қайталанды.

Біздіңше, мұның мақсаты- журналистердің Әділетханнан сұхбат алуына мүмкіндік бермеу», – деп мәлімдеді журналистер сот қызметкерлерінің заңсыз әрекеттеріне наразылық білдіріп.

Айта кетерлігі, негізінен соңғы үкім кесілуі тиіс болған бұл сот отырысында мемлекеттік айыптаушы тарап күтпеген жерден жаңа айыптау актісін алға тартты. Осының нәтижесінде блогерге тағылған айып ауырлатылып, Қылмыстық кодекстің 274-бабының 3-бөлігіне, яғни ірі залал келтіруге немесе өзге де ауыр зардаптарға әкеп соққан көрінеу жалған ақпарат тарату бабына қайта сараланды. Ал бұған дейін аталған қылмыстық іс осы баптың әлдеқайда жеңілдеу екінші бөлігі бойынша ғана қаралып келген болатын.

Еске салсақ, заңгер Әділетхан Молдахан үстіміздегі жылдың 31 наурызында Алматы қаласының Әл-Фараби даңғылында орын алған шулы жол-көлік оқиғасына қатысты бейнежазба жариялағаннан кейін құрықталған еді. Ол өзінің интернеттегі видеосында апат болардан бұрын аталған тасжолда үлкен жарыс ұйымдастырылғанын және оған жоғары шенді полиция шенеунігінің қызметтік автокөлігі де тікелей қатысқан болуы мүмкін деген уәж айтқан болатын.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар