Қазақстандағы хоккей чемпионаттарының телетрансляцияларын ұйымдастырған өңірлік топтардың жетекшілері Қазақстан хоккей федерациясының президенті Асқар Маминге ашық хат жолдады. Олар 2025/2026 жылғы маусымда атқарған жұмыстары үшін әлі күнге дейін еңбекақы алмағандарын мәлімдеді, деп хабарлайды Alash.kz
Хат авторларының айтуынша, Pro Hokei Ligasy, Jas Hokei Ligasy және Qyz Hokei Ligasy матчтарының телетрансляцияларын ұйымдастыру бойынша барлық міндеттемелер толық орындалған. Алайда төлемді жүзеге асыруы тиіс болған Қазақстан хоккей федерациясының серіктесі – «INHOCKEY» ЖШС осы уақытқа дейін қаржылық міндеттемесін орындамаған.
Өңірлік топ жетекшілерінің мәліметінше, бүгінде республика бойынша жиналған берешек көлемі шамамен 64 миллион 850 мың теңгені құрайды.
Сонымен қатар олар 2026/2027 жылғы маусымға қатысты да белгісіздік көп екенін атап өткен. Әзірге жаңа келісімшарттар, дайындық мерзімі, жұмыс тәртібі мен қаржылық шарттар жөнінде ешқандай ресми ақпарат берілмеген. Мұндай жағдай жаңа маусымдағы телетрансляцияларды ұйымдастыруға кері әсер етуі мүмкін екенін алға тартқан.
Ашық хатта Асқар Мамин мен Қазақстан хоккей федерациясының бас директоры Азамат Айтхожиннен төлемнің кешігу себептерін түсіндіру, қарызды өтеу мерзімін жариялау және жаңа маусымның ұйымдастырылуына қатысты нақты ақпарат беру сұралған.
Құжатқа Астана, Алматы, Қарағанды, Павлодар, Ақтөбе, Атырау, Өскемен және еліміздің өзге өңірлеріндегі телетрансляцияларды ұйымдастырған топ жетекшілері қол қойған.
