Жылыой аудандық орталық ауруханасы орны толмас қазаға байланысты қайғырып көңіл айтты. Кенеттен болған қайғылы жағдайдың салдарынан аурухананың заңгері Қайырбекова Мейрамгүл Абатқызы өмірден өтті, деп хабарлайды Alash.kz.
Аурухана әкімшілігінің мәліметінше, ол кәсіби қызметін 2022 жылы бастаған. Бұл туралы Atyrau Online Telegram-арнасы хабарлады.
“Ақылды, өз ісіне адал маман ретінде ол өз міндеттерін жоғары біліктілікпен орындап қана қоймай, үнемі өзін дамытып, біліктілігін арттыру курстарынан өтіп, көптеген сертификаттар алған”, – деп мәлімдеді Жылыой аудандық орталық ауруханасы.
Сондай-ақ, әріптестері Мейрамгүл Абатқызының тек білікті маман ғана емес, керемет жан болғанын атап өтті:
“Ол үлкендерді құрметтеп, әріптестерін бағалайтын, әрдайым мейірімді және қамқор еді. Ұжымда оны кәсібилігі, шынайылығы мен жарқын мінезі үшін ерекше сыйлады. Артында қызы қалды.”
Еске салсақ, қайғылы оқиға денсаулық сақтау мекемесінде, тура жұмыс орнында орын алған. 27 наурыз күні түстен кейін, жұмыс кабинетінде жалғыз отырған сәтінде оның бұрынғы күйеуі ішке кіріп, пышақпен шабуыл жасаған.
Оқиға орнына бірінші болып жеткен қызметкер оны қанға боялып жатқан күйінде көрген.