Атырауда болған қайғылы жағдайға байланысты тергеу барысын бақылап жүрген журналист Жанат Молдашева мәйіттер табылған күнгі ауыр сәттерді баяндады. Бұл туралы Alash.kz хабарлайды.
Журналист Kursiv.Media басылымына берген сұхбатында жоғалған отбасының тағдырын анықтау мақсатында оқиға орнында болған Шалқар есімді азаматпен сөйлескенін айтты. Оның сөзінше, мәйіттер табылған күні марқұмдардың туыстары үйдің маңына жиналған.
Шалқардың айтуынша, жақындары өз беттерінше іздеуді бастап, ауладағы сарайға кірген. Сол жерде бұрын басқа жерде тұрған диванның орны ауысып тұрғаны байқалған. Диванды жылжытқан кезде астындағы бетон қабатының бұзылғаны және топырақтың көрініп тұрғаны анықталған.
Іздеу барысында оқиға орнына құзырлы органдардың өкілдері келіп, арнайы құралдармен қазу жұмыстарын бастаған. Шамамен бір метр тереңдікте жұмсақ топырақ астынан ер адамның мәйіті табылған. Одан әрі әйел адамның қолы байқалғанымен, іздеуге қатысқан азаматтың айтуынша, ауыр иіске байланысты әрі қарай қарауға дәті бармаған.
Мәйіттерді кейін өзге азаматтар алып шыққан. Журналист бұл оқиғаның өзі үшін де, тыңдаған жұрт үшін де аса ауыр болғанын атап өтті.