Ақтөбе қаласында жүкті әйел мен оның нәрестесі көз жұмды. Марқұмның күйеуі қайғылы жағдайға жедел жәрдем қызметкерлерінің әрекеті себеп болды деп есептейді, деп жазды Alash.kz.
41 жастағы Руслан Сырлыбаевтың айтуынша, жұбайы Айжан Аязбаева жүктілік кезінде дәрігерлердің тұрақты бақылауында болған және денсаулығына қатысты айтарлықтай шағымы болмаған. Алайда шамамен үш апта бұрын, жүктіліктің жеті айында әйелдің қан қысымы көтеріліп, жедел жәрдем шақырылған.
Күйеуінің сөзінше, фельдшерлер дәрі-дәрмек пен екпе енгізгеннен кейін Айжан Аязбаеваның жағдайы күрт нашарлаған. Ол жедел түрде ауруханаға жеткізіліп, ауыр хәлде кесарь тілігі арқылы босандырылған. Әйел жансақтау бөліміне түсіп, екі аптадан кейін көз жұмған. Ал шақалақ он күннен соң шетінеп кеткен.
Медициналық мекеме марқұм әйелге «пневмония» диагнозы қойылғанын хабарлаған. Алайда марқұмның туыстары ана мен баланың өліміне жедел жәрдем қызметкерлерінің салғырттығы себеп болды деп отыр және кінәлілердің заң аясында жауапқа тартылуын талап етеді.
Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасы аталған факті бойынша тексеру жүргізіліп жатқанын мәлімдеді. Ресми өкілдердің айтуынша, ана мен бала өлімінің нақты себебі тексеру қорытындысынан кейін белгілі болады.
Айта кетейік, Руслан Сырлыбаев отбасымен бірге Ақтөбеге Атырау қаласынан небәрі төрт ай бұрын қоныс аударған. Марқұмнан кейін екі баласы жетім қалды. Марқұмның жақындары тиісті органдарға шағым түсіріп, істің әділ тергелуін талап етіп отыр.