Танымал тележүргізуші Ләйлә Сұлтанқызы Шымкент қаласында қаза тапқан Нұрайдың өліміне байланысты әлеуметтік желіде пікір білдіріп, бұл оқиғаны қоғам үшін аса ауыр әрі ойландырмай қоймайтын трагедия деп атады, деп хабарлайды Alash.kz.
Оның айтуынша, бір сәтте-ақ қаншама арман мен ата-ананың үміті бір адамның қатыгез әрекетінің салдарынан күл-талқан болған.
«Қандай жаза тағайындалса да, Нұрай қайта келмейді», – деп жазды тележүргізуші.
Ләйлә Сұлтанқызы марқұмды кінәлайтын пікірлерге де қатаң наразылық білдіріп, мұндай көзқарастың адамгершілікке мүлде жат екенін атап өтті. Ол Конституцияға сәйкес адам өмірі мен оның құқықтары ең жоғары құндылық саналатынын, ал күш көрсету мен қысым жасауға ешкімнің хақысы жоқ екенін еске салды.
Сондай-ақ тележүргізуші ата-ана үшін баласынан айырылудан асқан қасірет жоқ екенін айтып, қоғамдағы қатыгездік пен немқұрайдылықтың белең алуына алаңдаушылық білдірді.
Жастарға үндеу жасаған ол қыздың артынан қалмай жүру жігіттікке жат әрекет екенін, мұның сталкерлік сипат алатынын ерекше атап өтті.
«Намыс - күш көрсету емес. Намыс - “жоқ” деген жауапты қабылдай білу», - деп түйіндеді Ләйлә Сұлтанқызы.