Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Жомарт» кенішінде заманауи қауіпсіздік мен цифрлық бақылау жүйелері енгізілуде

16:20, 18 қыркүйек 2026

«Қазақмыс корпорациясы» ЖШС Басқарма төрағасы Руслан Өскенәлі, ҚР Төтенше жағдайлар министрі Мұрат Мұханов және Ұлытау облысының әкімі Есет Байкен «Жомарт» кенішіне арнайы сапармен барды, деп хабарлайды Alash.kz.

Жұмыс сапары барысында делегация мүшелері өнеркәсіптік қауіпсіздіктің қазіргі жай-күйімен, енгізіліп жатқан техникалық шешімдермен және өндірістік инфрақұрылымды жаңғырту барысымен танысты. Корпорация басшысы кеніш атмосферасын үздіксіз бақылау, желдету жүйесін жетілдіру, тау-кен массивін геомеханикалық бақылау және жерасты техникасын заманауи қауіпсіздік жүйелерімен жабдықтау бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды көрсетті.

Қазіргі таңда кеніште ауа құрамын тәулік бойы бақылайтын стационарлық құрылғылармен қатар 130 портативті газ талдағыш қолданылады. Мұнымен қоса, 62 жерасты техникасы метан деңгейін автоматты түрде бақылайтын метан-реле жүйесімен жабдықталған. Бұл құрылғы газ мөлшері белгіленген шектен асып кеткен жағдайда техниканың жұмысын өздігінен бұғаттайды.

Желдету жүйесін жаңарту мақсатында қыркүйек айында Korfmann маркалы үш желдету қондырғысы мен ВМЭ сериялы алты шахталық желдеткіш сатып алынды. Жыл соңына дейін тағы үш желдеткіш орнату жоспарланып отыр, ал бұл бағытқа салынған инвестиция көлемі 306,9 млн теңгені құрады. Сонымен қатар, өндірістік қазбаларды жеке желдетуді қамтамасыз ететін үшінші желдету оқпанының құрылысы жалғасуда.


Шахтада жұмыскерлердің орналасқан жерін анықтау және төтенше жағдайда жедел хабарлау үшін ұзындығы 58 шақырым сәуле таратқыш кабель тартылған. Ал шілде айында іске қосылған бірыңғай цифрлық жүйе тау-кен массивінің жағдайын тұрақты түрде геомеханикалық бақылауға мүмкіндік береді. Барлық техникалық шешімдер бейінді ұйымдардың газ мөлшері, желдету және гидрогеологиялық жағдайлар бойынша жүргізген зерттеулерімен толықтырылып отырады.

Жалпы «Жомарт» кенішіндегі өндірістік қауіпсіздікті арттыруға бағытталған кешенді бағдарлама аясында 2,7 млрд теңге қарастырылған. Жоспарланған 45 іс-шараның 40-ы толық орындалып, қалған міндеттер аяқталу кезеңіне өтті.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар