Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Жолдасын өлтіріп, мәйітті қоқысқа лақтырып кеткен»: Ақтөбеде болған сұмдыққа қатысты сот процесі басталды

19:36, 09 шілде 2026

Ақтөбеде жолдасын өлтіріп, кейін оның мәйітін қоқыс алаңына тастап кеткен азаматтың үстінен сот процесі басталды, деп хабарлайды Alash.kz.

Ақтөбе қаласында 62 жастағы Тоқан Аймұқатовқа қатысты қылмыстық істі қарау қолға алынды. Құзырлы органдар оған өз танысын өлтіріп, арада бірнеше күн өткенде оның денесін көшедегі қоқыс жәшіктерінің жанына апарып тастады деген ауыр айып тағып отыр.

Тергеу материалдарына сүйенсек, бұл қанды оқиға үстіміздегі жылдың 21 ақпанында күндізгі уақытта орын алған. Сол күні Аймұқатов өзінің тұрғылықты үйінде жолдасымен бірге отырып, спирттік ішімдік ішкен. Көңіл көтеру барысында екі ер адамның арасында белгісіз себептермен кикілжің туындап, содан кейін үй иесі сәл мызғып алу үшін жатып қалған. Прокурорлардың пайымдауынша, дәл осы сәтте үйге келген қонақ ұйықтап жатқан айыпталушының қасына барып, оны екі рет соққыға жыққан.

Төсектен атып тұрған Аймұқатов бұған жауап ретінде үстелдегі пышақты алып, танысына қарата бірнеше мәрте соққы жасаған. Алған ауыр жарақаттарының салдарынан жәбірленуші оқиға орнында тіл тартпай кетті. Қылмысын жасырмақ болған Аймұқатов мәйітті бірнеше күн бойы өз үйінде сақтап, содан кейін оны қара-ала түсті үлкен сөмкеге салып, шанамен жақын маңдағы қоқыс алаңына тасып әкеткен. Қайтыс болған адамның денесі ол жерде де бірнеше күн бойы ешкімге байқалмай жатып қалған.

Сот залында жауап берген сотталушы бұл жағдайдан кейін қатты күйзеліске түскенін айтып:

«Ұйықтай алмадым. Завод полиция бөліміне бет алдым. Жолда жедел уәкілдер жолықты. Қайда бара жатқанымды сұрады. Оларға жөнімді айттым», — деп баяндады.

Дегенмен де Аймұқатов айыптау тарапының «кісіні әдейі, алдын ала ниетпен өлтірді» деген тұжырымына мүлдем қарсы шықты. Өз әрекетін ақтауға тырысқан ол:

«Арамызда келіспеушілік болған жоқ. Жаман ойым да болмады. Оның мұндай сотқар, ашушаң екенін мен қайдан білейін? Таксиге ақша бермегеніме ашуланып, мені балағаттады», — деп мәлімдеді.

Сонымен қатар, сот отырысы барысында Тоқан Аймұқатов бұл қылмыстық істі алқабилер сотының қатысуымен қарау мүмкіндігінен ресми түрде бас тартты.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар