Тараздық полицей ұлттық ақпарат кеңістігінде қонақжайлығымен танылып, көпшіліктің ықыласына бөленді. Аузын ашса, жүрегі көрінетін азамат қарлы боранда жолда қалған туристерге қол ұшын созып, төріне шығарып, шаңырағында қонақ қылған, деп хабарлайды Alash.KZ порталы.
Желіде шетелдік саяхашылардың қарлы бұрқасын құшағында қалған сәті, жол үстінде оларға жылы қабақ танытып, шаңырағында қонақ еткен полиция қызметкерінің видеосы тарады.
Туристер мен желі қолданушылары мемлекеттік қызметкердің қонақжайлығы мен ақ көңіліне ризашылықтарын білдірді.
Бельгиядан келген 33 жастағы Силке мен шотландиялық 31 жастағы Киран бірнеше ай бойы Қазақстанды аралап, YouTube арнасында еліміз жайлы алған әсерлерін бөлісіп, блог жүргізіп жүр.
Бұл сапарында ерлі-зайыпты саяхатшылар Алматыдан Шымкентке жол тартады, алайда Таразға жақындағанда қатты боранға ұрынып, жолдардың жабылуына байланысты оқыс оқиғаны бастан кешкен.
Шетелдіктерге Серік есімді тараздық полиция қызметкері келіп, үйіне қонаққа шақырады. БІрден мекенжайын айтып, үйінде күтіп алып, ет асып, дастархан жаяды. Қазақтың мәдениеті мен салт-дәстүрін айтып, қызына домбыра тартқызып, отбасымен бірге қонақтар құрметіне әдемі де әсерлі кеш ұйымдастырды.
"Біз достарымызбен бірге олардың үйіне Алматыдан Шымкентке қарай бет алып келе жатыр едік. Алайда Таразға жеткенде жол жабық болды. Бізді аяқ астынан үйіне шақырған мейірімді полицей Серікті кездестірдік. Сөйтіп бір күнімізді осында өткіздік. Таразға бағытты бұрып, полицейдің үйіне бардық. Оның отбасы бізге тамақ әзірлеп, құшақ жая қарсы алды. Біз келесі күні жолға шығып кеттік. Қазір Шымкентте досымыз Талғаттың үйінде қонақ болып отырмыз", - дейді саяхатшылар.
Қазақстандықтар шетелдіктер жариялаған видеоға жылы лебіздерін жаудырды.
"Осындай мейірімді адамды және отбасын кездестіргендеріңізге қуаныштымын", "Елімізде сіздей полиция қызметкерлері көп болсын", "Керемет", "Мен бүкіл адамзатты жақсы көремін", "Қазақстанға қош келдіңіздер", "Сіздердің Қазақстан жайлы жағымды ойда қалғандарыңызға қуаныштымын!", "Қазақстанда осындай мейірімді адамдар бар", "Қандай керемет", - деп жазды қолданушылар.
Саяхатшылар Қазақстанда болған уақытында жергілікті тұрғындармен бірге көп уақыт өткізгендерін жеткізді.
"Біздің осы жолғы сапарымыз эмоцияларға толы болды. Қазақстанда өткізген үш айға жуық уақыт бойы біз қонақүйлерде тұрмай, тек жергілікті тұрғындармен бірге уақыт өткіздік. Бұл бізге Қазақстанның шынымен де әлемдегі ең қонақжай елдердің бірі екенін көрсетті! Біз дән ризамыз. Бұл жерде біз өзімізді өз үйіміздегідей сезінеміз және елді одан әрі зерттеуді асыға күтеміз!" - деп бөлісті Киран.
Massaget.kz порталынң жазуынша, YouTube арнасында ерлі-зайыптылар әлем бойынша он жылдан бері саяхаттаған видеоларын жүктеп, блог жүргізіп отырады. Олар 2018 жылы Испанияда заманауи би тобында жұмыс істеп жүргенде танысып, өнерге, саяхатқа және фотосуретке ортақ қызығушылықтарының арқасында жұп атанған. Шотландияда олар 500 шақырымдық жолды жаяу жүріп өткеннен кейін, 2021 жылдың тамызында отбасын құрып, 10 жылдық бал айын ұйымдастыруды шешкен. Яғни 10 жыл бойы әлем елдерін аралауды мақсат тұтқан. Керемет шытырман оқиғаларға толы бір жарым жылдан кейін олар бейнеблог жүргізуді ұйғарады.
Қазіргі уақытта олар Қазақстандағы саяхаты жайлы 12 бөлімнен тұратын блог жариялап үлгерді. Блогерлер Алматы, Астана, Шығыс Қазақстан және басқа да көптеген көрікті жерлерді аралап үлгерген.
Айта кетейік, 2024 жылдың 9 айында еліміздегі ішкі туристер саны 562 мыңға артып, 6 миллионға жуық адамды (5 миллион 973 мың қазақстандық) құрады. Шетелдік туристер саны 11,5 миллион адамды құрады, бұл 2023 жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштен екі есе көп.