Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Жігіттер өздері мойындады…»: Жанәбіловтердің адвокаты күтпеген мәлімдеме жасады

11:17, 23 сәуір 2026

Танымал заңгер Анна Чернова сот процесі барысында блогер Жанәбіловтердің іс-әрекеті үшін жауапкершілікті бұрынғы адвокатқа жүктеу әрекеттеріне байланысты мәлімдеме жасады, деп жазады Alash.kz. 

Ол сотта айтылған кейбір уәждерді теріске шығарып, шындыққа жанаспайтын ақпараттарды жоққа шығарды. Чернованың айтуынша, айыпталушылардың хаттамаларға қол қоюдан бас тартуы мен ұтыс ойынын жалғастыруы олардың өз бетінше қабылдаған шешімдері болған.

Заңгердің мәліметінше, блогерлер мемлекеттік органдардың мұндай ұтыс ойындарына қатысты қатаң ұстанымынан алдын ала хабардар болған. Тіпті 2025 жылдың наурыз айында Анна Чернова ықтимал құқықтық тәуекелдерді ескертіп, бұл жобаны бастамауға кеңес берген. Алайда, осы ескертулер мен басқа блогерлердің жауапқа тартылу тәжірибесіне қарамастан, Жанәбіловтер жаз айында ұтыс ойынын іске қосқан.

Анна Чернова адвокаттың блогерлерді хаттамаға қол қоюдан айнытқаны туралы нұсқаға қатысты:

 «Олар ересек адамдар. Хаттамаға Комитет жасаған нұсқада қол қоюдан бас тарту — олардың өз бетінше қабылдаған шешімі», – деп мәлімдеді.

Оның айтуынша, блогерлер хаттамаға қол қою мүмкіндігін тек ұтыс ойынын тоқтату талабы қойылғанға дейін ғана қарастырған. Кейіннен олар заңсыз кәсіпкерлік қызметті тағы бірнеше айға созуды көздеп, құжатқа қол қоюдан бас тартқан.

Сондай-ақ заңгер жауапкершілікті заңды өкілге аударудың қисынсыз екенін атап өтті. Ол өз сөзінде:

 «Жігіттер заңсыз кәсіпкерлікпен айналысқандарын және хаттамаға қол қоюдан бас тартқандарын өздері мойындады. Онда адвокаттың не қатысы бар?» – деген сұрақ тастады.

Чернова өзінде сотталушылардың жағдайын одан әрі қиындататын қосымша мәліметтердің бар екенін, бірақ әзірге оларды жария етпейтінін де қоса кетті.

Қазіргі таңда сот ісі жалғасуда, ал блогерлерге заңсыз кәсіпкерлік пен қылмыстық жолмен алынған қаражатты заңдастыру айыптары тағылып отыр. Бастапқыда істі адвокат Олег Чернов жүргізсе, қазір қорғау тарапын Гаухар Айтжанова үйлестіруде. Соттың алдағы отырыстарында заңгерлер мен куәгерлердің жаңа уәждері тыңдалмақ.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар