TikTok әлеуметтік желісінде Бекасыл есімімен тіркелген қолданушы қазіргі әскердегі жағдайлар туралы айтып, сарбаздардың өз-өзіне қол жұмсауына не себеп болуы мүмкін екенін баяндады. Бұл туралы Alash.kz жазды.
Оның сөзінше, бүгінгі әскердегі мәселе тек физикалық қысыммен шектелмейді. «Жігіттер әлсіз болғаны үшін өлмейді. Бұрынғылар “біз де таяқ жедік, шыдадық” дейді. Бірақ қазір жағдай басқаша», – дейді ол.
Бекасыл қазіргі таңда кейбір әскери бөлімдерде сарбаздардан ақша талап ету фактілері барын алға тартты. Оның айтуынша, бұрын мұндай тәжірибе болмаған, ал қазір мобильді қосымшалар арқылы ақша аудартқызу кең тараған.
«Ротада қырық адам болса, соның екі-үшеуі сұралған ақшаны бере алмауы мүмкін. Әлеуметтік жағдайы төмен, ата-анасы ақша жібере алмайтындар бар. Соларға қысым көрсетіледі. Біреу ақша бермесе, бүкіл ротаға жаза қолданылады. Сонда өзгелері “сенің кесіріңнен таяқ жеп жатырмыз” деп ренжи бастайды», – дейді ол.
Бекасылдың пікірінше, сарбаздар көбіне соққыдан емес, намысқа тиетін ауыр сөздер мен ұжымдық қысымнан күйзеліске түседі. Мұндай психологиялық қысым кей жағдайда қайғылы шешімдерге итермелеуі мүмкін.
Ол әскери қызметшілердің қаржылық аударымдарын тексеру қажет деп санайды. «Сонда бәрі белгілі болады», – деді желі қолданушысы.
Аталған мәлімдемелерге қатысты құзырлы органдар әзірге ресми түсініктеме берген жоқ.