Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Жезқазғанда наурызға орай сахна безендірген ер адам биіктіктен құлап қаза тапты

09:31, 21 наурыз 2025 478

Жезқазған орталық саябағында Наурыз мерекесіне арнап сахнаны безендіріп жатқан ер адам биіктіктен құлап, ауыр халде жансақтау бөліміне жеткізілді. Төртінші күні ол көз жұмды,деп хабарлайды Alash.kz.

14 наурыз күні жеке кәсіпкер ретінде тіркелген ер адам Наурыз мейрамын тойлауға арналған сахнаны безендіру жұмыстарына тартылған. Оның аты-жөні – Жанис-Лаурис Вильчинскас, 1970 жылы туған.

Ол билбордқа мерекелік плакат іліп жатқанда, үш метрден астам биіктіктен құлап кеткен.

Куәгерлер жедел-жәрдем шақырған. Зардап шеккен азамат облыстық көпсалалы ауруханаға жеткізілді.

Дәрігерлер оған “биіктіктен құлау салдарынан болған өндірістік жарақат, политравма, ашық бас сүйек-ми жарақаты, маңдай- самай бөлігінің контузиялық-геморрагиялық ошақтары, ми ісінуі” деген диагноз қойды.

55 жастағы ер адам жансақтау бөліміне жатқызылды. Алайда 18 наурызда оған жасалған операциядан кейін қайтыс болды.

“Қайтыс болу себебі – ми ісінуі және мидың ісініп, сабау құрылымдарының зақымдануы, сондай-ақ өкпе артериясының тромбоэмболиясы (ТЭЛА)”, – деп хабарлады Ұлытау облысының денсаулық сақтау басқармасы.

Жезқазған қаласы мәдениет бөлімінің басшысы Гүлзада Шомаева кәсіпкердің қандай жұмыстарға тартылғанын айтудан бас тартты.

“Ол құлағаннан кейін бірден көз жұмған жоқ, біраз уақыт ауруханада жатты. Сондықтан оның өлімін саябақтағы жұмыстармен байланыстырмау керек. Біз оны ешқандай жұмысқа тартпадық. Ол сол жерде не істеп жүргенін білмеймін”, – деді Гүлзада Шомаева.

Еске сала кетейік, 2024 жылғы 22 желтоқсанда әлеуметтік желілерде Семей қаласында мұғалімдерді алаңдағы шыршаны безендіруге тарту туралы ақпарат тараған болатын. Сол кезде мұғалімдердің бірі биіктіктен құлап кеткен еді.

Осы оқиғаға қатысты Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев жедел түрде мәлімдеме жасап, мұндай іс-шараларға мұғалімдерді қатыстыру Қазақстан Республикасының “Педагог мәртебесі туралы” Заңына қайшы келетінін ескерткен еді. Бұл заң мұғалімдерді өз кәсіби қызметіне қатысы жоқ жұмыстарға тартуға тыйым салады.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар