Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Жетім балалардың жанайқайы: Берген уәде неге орындалмады?

15:22, 11 шілде 2025 98

Алматыдағы талай дауға арқау болған №1 балалар үйі бәрібір Қонаев қаласына көшірілмек. Бұл туралы Алматы облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Маралбаева қол қойған ресми құжатта жазылған, деп хабарлайды Alash.kz ұлттық порталы "Орда" редакциясына сілтеме жасап.

Ресми мәліметке сәйкес, балалар үйінің жаңа мекенжайы — Қонаев қаласы, Қонаев даңғылы, 33/4. Алматыда аталған мекемеге тіркелген барлық бала 2025 жылдың 10 тамызына дейін қазіргі ғимараттан кетуге міндетті.

Бұл жаңалықты естіген тәрбиеленушілер мен қоғам белсенділері наразы. Өйткені, осыдан бірнеше ай бұрын жергілікті билік "балалар ешқайда көшірілмейді" деп уәде берген. Наурыз айының басында балаларды Қонаевқа көшіру туралы сөз шыққанда, қоғамда үлкен резонанс туындаған. Демеушілер мен белсенділер наразылық білдіріп, бұл шешімді қайта қарауды талап еткен. Сол кезде шенеуніктер балаларды орнында қалдыруға уәде берген еді. Алайда арада бірнеше ай өтпей жатып, бұл сөздер аяқ асты болған.

Балалар үйінің тәрбиеленушілері бұл жағдайға жаппай наразылық білдіріп, Президентке және Алматы облысының әкіміне бейнеүндеу жолдады. Сонымен қатар, Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек пен бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Закиеваға да хат жазған.

Үндеуде олар өздерін алданғандай сезінетінін, уәде етілген әділеттің жоқ екенін айтады.

«Біз, балалар үйінің тәрбиеленушілері, сол кезде бізге ешкім тиіспейді, үйіміз қала береді деп айтқан. Бізді көшіру болмайтынына кәміл сендірген еді. Ал қазір мүлде керісінше шешім шығып отыр. Бұл уәденің бұзылуы - біздің пікіріміздің, сезіміміздің ешкімге қажет еместігінің дәлелі. Біз өзімізді сатқындыққа ұшырағандай сезінеміз», – деп үндеу жасады олар.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар