Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Жер қойнауын 500 метр тереңдікке дейін зерттеу: «Қазақмыс» заманауи технологияларға көшті

09:34, 09 қараша 2026

«Қазақмыс» корпорациясы Ұлытау, Қарағанды және Абай облыстарындағы болашағы бар учаскелер мен қолданыстағы кен орындарында заманауи геофизикалық зерттеулерді бастады, деп хабарлайды Alash.kz.

Компания өкілдері жер қойнауының құрылымын зерделеу және тау-кен жұмыстарының дәлдігін арттыру мақсатында электрлік және магниттік барлау, дронмен түсіру және лазерлік 3D-сканерлеу технологияларын белсенді қолданып жатыр. Зерттеу нәтижелері алдағы геологиялық барлау жұмыстарын жоспарлауға және корпорацияның минералдық-шикізат базасын кеңейтуге бағытталады.

Жаңа жобалардың бірі ретінде Ұлытау облысындағы Тасқұра учаскесінде жүргізіліп жатқан электрлік барлау жұмыстарын атауға болады. Мұнда «Қазақмыс» Тобына қарасты Qazaq Geophysics компаниясы 7,1 шаршы шақырым аумақты 500 метр тереңдікке дейін зерттеп, мыс-сульфидті минералдану аймақтарын анықтауда. Жалпы көлемі 156 қума шақырымды құрайтын бұл жобаның 15 шақырымы 2026 жылдың соңына дейін, ал қалған 141 шақырымы 2027 жылы аяқталады.

Сонымен қатар басқа да аймақтарда геофизикалық зерттеулер қарқынды жүруде. Абай облысындағы Құсмұрын-Ақбастау кен алаңында 52,4 шақырымдық электрлік барлау аяқталып, ұзындығы 1 500 метр болатын ұңғымаларды қосымша зерттеу жоспарланған. Ал Қарағанды облысының Бұрнақ алаңында 702 шақырымдық жер үсті магниттік және 10 шақырымдық электрлік барлау орындалса, Қызыладыр учаскесінде 19,5 шаршы шақырым аумақ қамтылып, геологиялық 3D-карта әзірленуде. Саяқ кен алаңындағы Молдыбай учаскесінде 310 шақырымдық магниттік барлаудың алғашқы кезеңі қорытындыланды.

Цифрлық технологиялар мен ұшқышсыз ұшу аппараттарын өндіріске енгізу де негізгі бағыттардың біріне айналды. Қарағанды облысындағы Абыз кенішінде дрон арқылы 0,7 шаршы шақырым карьерге түсірілім жасалып, кеніштің пайдалану мерзімін ұзартуға арналған үш өлшемді модель жасалуда. Жыланды кенішінің жер асты қазбаларында ұшқышсыз аппаратпен лазерлік 3D-сканерлеу жүргізіліп, шахтаның цифрлық моделі құрылды. Бұдан бөлек, Құсмұрын-Ақбастау мен Нұрқазған учаскелерінде топографиялық түсірілімдер толық орындалды.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар