Әлемді соңғы 150 жылдағы ең күшті аптап ыстық буып, қуаңшылық және ірі табиғи апаттар болуы мүмкін деп хабарланды, деп жазды Alash.kz.
Климатологтардың мәліметінше, 2026 жылы қуатты Эль-Ниньо құбылысының қалыптасу ықтималдығы күрт артқан. АҚШ-тың Ұлттық климаттық болжау орталығы (NOAA) жаз мезгіліне қарай оның пайда болу мүмкіндігін 80 пайыздан жоғары деп бағалап отыр. Кейбір сарапшылар тіпті тарихтағы ең күшті «супер-Эль-Ниньо» сценарийі болуы мүмкін екенін жоққа шығармайды.
Эль-Ниньо — Тынық мұхитының экваторлық бөлігіндегі су температурасының айтарлықтай жылынуынан туындайтын климаттық құбылыс. Бұл бүкіл әлемдегі ауа райына әсер етіп, бір аймақтарда аптап ыстық пен ұзаққа созылған құрғақшылыққа, орман өрттеріне себеп болса, енді бір өңірлерде жойқын нөсер, су тасқыны мен дауылдарға алып келеді.
Live Science басылымының мәліметінше, күшті Эль-Ниньоның салдары мыналар болуы мүмкін:
🔹 әлемде азық-түлік бағасының қымбаттауы;
🔹 егін түсімінің азаюы және ауыл шаруашылығы өнімдерінің төмендеуі;
🔹 ауқымды орман өрттері;
🔹 ауыз су тапшылығы;
🔹 кейбір аймақтарда жұқпалы аурулардың көбеюі;
🔹 әлем бойынша жаңа температуралық рекордтардың орнауы.
Ғалымдар 2027 жыл бақылау тарихындағы ең ыстық жыл болуы мүмкін екенін де ескертуде. Себебі Эль-Ниньоның әсері мұхит толық жылынғаннан кейін бірнеше айдан соң күшейе түседі.
Мамандардың айтуынша, Эль-Ниньо мен жаһандық жылынудың қатар келуі климаттық қауіптерді бұрын-соңды болмаған деңгейге жеткізуі мүмкін. Әсіресе экономикасы әлсіз және төтенше ауа райына бейімделу мүмкіндігі төмен елдер үшін бұл үлкен қауіп саналады.