Әлеуметтік желілерде тараған видеода блогер ерекше күтімді қажет ететін балалардың ата-аналарына қатысты әдепке жат, қорлау сипатындағы сөздер айтқан. Аталған жазба қоғамда кең талқыланып, сынға ұшырады, деп хабарлайды Alash.kz ұлттық порталы.
Осы жағдайға байланысты полиция блогерге қатысты әкімшілік іс қозғағанын мәлімдеді.
"Видео авторы ұсталып, полиция бөліміне жеткізілді. Ұсақ бұзақылық фактісі бойынша жиналған материалдар тиісті шешім қабылдау үшін сотқа жолданады. Астана қаласының полиция департаменті желіде адамның ар-намысына тиетін балағат немесе қорлау сөздер айту және оны тарату заң бойынша жауапкершілікке әкелетінін ескертеді", – деп хабарлады ведомство.
Сонымен қатар, полиция азаматтарды интернетте контент жариялау кезінде жауапкершілік танытып, өзге адамдардың құқықтары мен сезімдерін құрметтеуге, қоғамдық мораль мен этика нормаларын сақтауға шақырды.