Қазақстанның Халық партиясының бұрынғы төрағасы Ермұхамет Ертісбаев саясаттан кететінін мәлімдеді, деп хабарлайды Alash.kz.
Саясаткердің бұл шешіміне Қазақстан Халық партиясының Құрылтай сайлауында 5 пайыздық межеден өте алмауы себеп болған.
«Бүгін мен өзімнің жеке шешімім туралы айтқым келеді. Мен белсенді саясаттан кетемін. Саяси өмірбаянымның осы кезеңі аяқталды деп есептеймін. Ең алдымен, бізге дауыс берген, сайлау науқанында еңбек еткен, үгіт жүргізген, пікірталасқа қатысып, бағдарламамызды қорғаған және бізге сенген баршаңызға зор алғысымды білдіремін», – деді Ермұхамет Ертісбаев.
Оның айтуынша, партия ұсынған қазақстандық социализм идеясы қоғамнан қажетті қолдау таппаған.
«Қазақстандық социализм идеясының біз күткендей жаппай қолдау таппағаны өкінішті. Демек, не қоғам бұл идеяға әзірге дайын емес, не біз оны жеткілікті деңгейде нанымды түсіндіре алмадық. Бәлкім, екеуі де шығар. Бірақ тарих сайлау учаскелері жабылған кеште аяқталмайды. Менің өмірім де жалғасып жатыр», – деді ол.
Енді ол халықаралық саясат, тарих, саясаттану және ағартушылық қызметке көңіл бөлмек.
Айта кетейік, Ермұхамет Ертісбаев маусым айында Қазақстан Халық партиясының төрағасы қызметінен кеткен болатын. Партия төрағалығына Нұрсұлтан Шоқанов келді.
ОСК-ның алдын ала мәліметі бойынша, Құрылтай сайлауында Қазақстан Халық партиясы сайлаушылардың 3,11 пайыз дауысын жинап, бес пайыздық межеден өте алмаған.
Ермұхамет Ертісбаев Қазақстанның саяси өмірінде ұзақ жылдар бойы түрлі мемлекеттік және дипломатиялық қызметтер атқарды. 2000-жылдардың басында Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың кеңесшісі болды. 2006-2008 жылдары ҚР Ақпарат және мәдениет министрі қызметін атқарды. Кейін Қазақстанның Грузия мен Кубадағы елшісі болды. Соңғы жылдары Қазақстан Халық партиясын басқарды.