Ақтөбе облысы Шалқар қаласының бұрынғы әкімі сотталмаудың амалын іздеймін деп алаяққа 4 миллион теңге ұстатқан, деп хабарлайды Alash.kz.
Бұған дейін төрт жылға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалған Шалқар қаласының экс-әкімі өз үкімімен келіспей, ақталып шығудың жолын іздеген. Оның бұл тығырыққа тірелген жағдайын туысы пайдаланып, С.Қаламқас есімді «заңгер» әйелді ұсынады. Экс-шенеунік әкесімен бірге соның үйіне барып, ақтап шығу қызметі үшін сұралған 8 миллион теңгенің жартысын, яғни 4 миллион теңгені қолма-қол береді. Бір аптадан соң «іс оң шешіліп жатыр» деп сендірген әйел қалған ақшаны нәтиже шыққанда алуға келіскен. Алайда уәде орындалмай, экс-әкім де ақталмай қалды. Белгілі болғандай, шенеунік заңгермен ешқандай келісімшарт жасаспаған әрі ақшаны қолхатсыз берген. Бұған қоса, алаяқ әйел сотта бұл қаражатты жай ғана «қарызға алдым» деп жауапкершіліктен жалтаруға тырысқан.
Осы оқиғадан кейін басталған тергеу аясында С.Қаламқастың өзге де ірі алаяқтық қылмыстарының беті ашылды. Ол сыбайласы Т.Ақботамен бірігіп, тұрғындарға «Самұрық-Қазына» бағдарламасы арқылы кейін сатып алу құқығымен жалдамалы баспана алып береміз деп халықты тақырға отырғызып келген. Маңыздысы, алаяқтар заңсыз әрекеттерін жүзеге асыру үшін елордадағы ең қымбат, сәнді тұрғын үй кешендерін айтып сенімге кірген: мәселен, жәбірленушілердің біріне Астанадағы «Эдельвейс» ТҮК-інен екі бөлмелі және «Highvill» кешенінен 3 бірдей үш бөлмелі пәтерді реттеп береміз деп, 47 миллион теңгесін қалтасына басқан.
Сот екі алаяқты да кінәлі деп таныды. 54 жастағы С.Қаламқас 6 жылға бас бостандығынан айырылып, сот залынан бірден қамауға алынды. Оның сыбайласы Т.Ақбота да 6 жылға сотталғанымен, кәмелетке толмаған баласының болуына байланысты оның жазасы 3 жылға кейінге шегерілді. Сотталғандар жәбірленушілерге келтірілген барлық шығынды өтеуге міндеттелді.