Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Жатыры жарылып, ішке қан кеткен»: СҚО-дағы 34 жастағы келіншектің өліміне қатысты тың дерек шықты (ВИДЕО)

13:28, 17 шілде 2026

Солтүстік Қазақстан облысындағы сапасыз жолдың кесірінен жедел жәрдем көлігі дер кезінде жете алмай, салдарынан 34 жастағы жүкті әйел қайтыс болды, деп хабарлайды Alash.kz 7-арнаға сілтеме жасап.

Қайғылы оқиға Жамбыл ауданында тіркелді. Осыдан екі апта бұрын 34 жастағы Дәрима Сағдеева өзін нашар сезініп, оны аудан орталығына жеткізуге шыққан жедел жәрдем көлігі шұрық-тесік жолдың салдарынан межелі жерге әрең жеткен. Марқұмның жақындарының айтуынша, небәрі 37 шақырымдық қашықтықты медицина көлігі 1,5 сағат бойы жүріп өткен. Осы уақыт ішінде келіншектің жүрегі екі рет тоқтаған.

Қайғылы жағдай туралы марқұмның жолдасы Азамат Сағдеев былай дейді:

«Жүргізушіден себебін сұрадым. Ол: «Тез жүре алмаймыз, қатты батып, айғайлайды», — дейді. Жол түзу болғанда, 15 минуттың өзі бір нәрсені шешер еді. Дәрігерлердің айтуы бойынша, жатыры жарылған, сосын ішке қан кеткен. Екі балам бар. Олар естіген жоқ. Айта алмай жатырмыз әлі. «Мама қайда?», — деп күнде сұрайды».

Туыстарының сөзіне қарағанда, келіншек өте көп қан жоғалтқан. Дәрігерлер оған шұғыл ота жасамақ болғанымен, жүкті әйел медициналық мекемеге жеткен сәтте-ақ көз жұмған болатын. Қазіргі уақытта осы оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүріп жатыр.

Марқұмның қайын атасы Қайрат Сағдиев те бұл жағдайға жолдың нашарлығы басты себеп болды деп есептейді:

«Жолдың нашарлығынан уақыт өткізіп алды. Екі жан кетті. Өте ауыр жағдай. Ойламаған жерден осындай жағдайға тап болдық. Жолдан ба әлде дәрігерлердин қателігінен болды ма, ол жағын басып айта алмаймын».

Пресновка — Қайранкөл бағытындағы жалпы ұзындығы 98 шақырымды құрайтын жолдың сапасы көптен бері сын көтермей келеді. Ондаған жылдар бойы жөндеу көрмегендіктен асфальт опырылып, тозығы жеткен. Жергілікті тұрғындар бұл мәселені сан мәрте көтергенімен, одан еш нәтиже шықпаған.

Жол азабын тартқан жүргізуші Бірлік Мұхамеджанов бұл мәселеге ешкімнің бас ауыртпайтынын айтады:

«Ютубта, әлеуметтік желілерде біздің жолдың видеосы жүр. Ешкім көңіл аудармайды. Әкімге де керегі жоқ. Жол апаты да осы жерде болады».

Осы қайғылы оқиғадан кейін ғана жергілікті билік өкілдері аталған мәселені шұғыл бақылауға алды.

Облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Кеңесов жолды жөндеу жұмыстарының қалай жүретінін түсіндірді:

«Бұл учаске бойынша облыс әкімі бірінші кезекте қаржыландыру туралы тапсырма берді. Жұмысты үш кезеңмен жүргіземіз. Алғашында Қайранкөл ауылынан Украинский елді мекеніне дейін жөнделеді. Екінші кезеңде Благовещенкаға дейінгі аралық қамтылады. Соңында Пресновкаға дейін жол салынады. Бүгінде бірінші кезең бойынша жобалық-сметалық құжат дайын. Сараптама бар. Жақында мердігер анықталып, жұмыс басталады».

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар