Ұлттық ақпараттық кеңістікте шәкіртінің көз жасын қымтап, оған барлық ынта-шынтасымен ағалық ықыласын, ұстаздық ілтипатын, тәлімгерлік қамқорлығын төккен спортшы жайлы бейнекадр тарады. Асылында, әрбір шәкіртіңді бәйгеге қосу – мақтан мен шапағатты іс, киелі қуаныш қана емес, сарсаңға түсу мен сана арпалысы, додадағы дарабоздардың жолына жақсылық тілеу мен жеңіске ұмтылыс үстіндегі жаныңды жегідей жеу меһнаты.
Осы орайда жиырма жастағы замандасымыз, Ақтөбеде 60 баланы тегін таэквондо спортына баулып отырған ҚР спорт шебері Диас Айымқұловпен сұхбаттастық. Сұхбатымыз шаршы алаңда шәкірт баптау, ұлтқа қызмет етудегі адамгершілік үлесін анықтау, ата-ананың асыл қолдауын негіз ету мен көк туымыздың көктегі тұғыры турасында өрбіді. Ендеше, назарларыңызға сұхбатымызды ұсынамыз:
– Армысыз, Диас бауыр! Спорттағы жетістіктеріңіз құтты болсын! Өзіңіз жайлы, жеке қызығушылықтарыңыз туралы айтсаңыз. Cпорт жолына алғаш қалай аяқ бастыңыз?
– Көп рақмет! Мен Ақтөбе қаласындағы Есет батыр атындағы олимпиада резервінің облыстық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжінің түлегімін. Колледжді табысты аяқтағаннан кейін Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеттің дене шынықтыру және спорт мамандығына оқуға түстім. Биыл 2-курсты ақтадым. Кішкене кезімнен спорт саласын қатты ұнатып, осы бағытта бел шеше, білек сыбана тәжірибемді шыңдап келе жатырмын.
Мен таңдаған спорт түрін алғаш Сазды ауылында Жарас Бірмағанбетов деген ағамыз ашып, өңір балаларын таңсық спорт түріне баулыды. Таэквондоға 12 жасымда аяқ бастым. Ата-анамның мені жаттығу залына ертіп апарғаны бүгінге дейін көз алдымнан кетпейді. Осындай жаныма жақын жандардың қолдауымен өмірлік мақсат-мұратымды бала кезден айқындап, ұлы армандарға қол создым. Кейін де үлкен спорт сүрлеуіне түскенде тәлімгеріміз Жарас Пырмагамбетовтің айтқан ақыл-кеңестеріне жүгініп, ой қозғап, бой ширатып, жетістіктерді еңсере алдық деп білемін. Өзім жаттығудан бір сәт те қол үзген емеспін. Қазір де байқауларға, дүбірлі додаларға қатысып жүрмін. Болашағыма артар сенімім мол!
– Ел намысын қорғайтын үлкен додаларда, әлемдік сайыстарда қандай сенім сізді алға, жеңіске жетелейді?
– Ел намысын қорғайтын әлемдік додалардағы ең бірінші мақсатым – көк туымызды желбірету. Қазақтың атын абыроймен арқалап, ел намысын қорғауды мақсат тұтқандықтан, шаршы алаңда шашасына шаң жұқпайтын спортшы болу керек. Сол үшін намысты жонып, бойдағы бар күш-қуатыңды ортаға салуды көздейсің. Жаттықтырушым да үнемі бізге «Намысты қолдан бермеу керек, намысқа тырысу керек. Еліміздің абыройын асқақтатуымыз керек» деп айтып отырады. Бұл сөз – біз үшін әрі бұйрық әрі сенім.
– Қазақ балаларына деген қамқорлығыңызға қарасақ, бойыңызда әке өнегесі бары байқалады. Әкеңіз жайлы айтсаңыз...
– Әкем жайлы ақтарылар сыр көп. Әкем – жаны жайсаң жақсы адам. Осы жасқа дейін бізге тоқтау қойып, бетбұрыстарымыз бен бастамаларымызға қарсылық танытқан емес. Бізді толыққанды еркін өсірді. Көп дүниені ақылға сала отырып шешуге үндейтін. Соның арқасында ақ пен қараны ажыратуды, мойнымызға нағыз ер-азамат ретінде жауапкершілікті алуды үйрендік. Әкеме алғысым шексіз. Біздің әке мен бала арасындағы достығымыз да, сырластығымыз да ерекше өрілген. Күні бүгінге дейін көп дүниені тануда, қандай да мәселені айшықтауда әкеме, әкемнің ақыл-кеңестеріне жүгініп отырамын.
– Қазақ балаларының бойында таэквондо спортына деген бейімділік бар ма? Біздің жас бүлдіршіндерді баптауда нені ескеріп, қандай дүниелерге маңыз таныту керек?
– Қазақ балаларының барлық спорт түріне икемі бар. Cоның ішінде таэквондомен шұғылдануға деген талап-тілектері жоғары. Қазақ балаларының бойындағы қайтпас қайсарлық, өжет мінез, намысты ұдайы барлығынан бірінші орынға қоюға деген талпыныс сынды қасиеттер көптеген белестерге жеткізетінін айтуға болады. Балалардың бойындағы мұндай қасиеттерді жойып алмау үшін әрбір бүлдіршінге ерекше қамқорлық таныту керек. Бауырларымыз бен қарындастарымызды үнемі қолдап-қолпаштап, жақсы лебіз айтып, шынайы жақсы көргенде ғана жемісті де жеңісті күндерге қол жеткіземіз. Өзімнің жаттықтырушы ретіндегі ең басты ұстанымым – қазақ балаларына қамқорлық таныту.
– Ұлттық ақпараттық кеңістікте сіздің кішкентай құлыншақ Айаруға көрсеткен қолдауыңыз бен қамқорлығыңыз қызу талқыға түсіп, көпшілікті бей-жай қалдырмады. Спортты жанымен сүйетін Айару шәкіртіңіз жайлы айтып бересіз бе?
– Айару – менің сүйікті шәкірттерімнің бірі. Жаттығу залына осыдан бес ай бұрын, ақпан айында келді. Алғашқы келген сәтінен бастап өзін еркін ұстады. Ұстаз-шәкірт ретінде тез тіл табысып кеттік. Жаттығу кезінде де барлық әдіс-тәсілді жылдап меңгеріп алатынын байқадым. Оның талпынысы мен бұл спортты меңгеруге деген ұмтылысы енді ерекше. Мұны бірден түсіндім де, жарыстарға қатыстырып көрдім. Алғашқы жарыстың өзінде-ақ жақсы нәтиже көрсетті. Өзіне қарағанда тәжірибелі, таэквондоны өзінен ерте бастаған спортшымен бақ сынасты. Кішкентай ғой, көңілі босап, жарыс үстінде жылап қалды. Сол кезде жаттықтырушы ретінде қолдау танытып, көзінің жасын сүртіп, көңілін ауладым. Алғыр балапан ғой, тез жұбанып, бірден алдағы уақыттардағы додаларға дайындықты бастап кетті. Қазіргі көрсеткіштері, ширақтығы, барлық әдіс-тәсілдерді меңгеруі өте жақсы деңгейде. Өз басым Айарудың болашағынан үлкен үміт күтемін.
– Осы орайда адамгершілікпен ұлтқа қызмет етудің игілігі жайлы сұрағым келеді...
– Адамгершілікпен ұлтқа қызмет етудің игілігі – шәкірт тәрбиелеуде, меңгерген ілімің мен біліміңнің барлығын қазақ балаларына үйретуде, өз халқыңа қызмет етуде деп білемін. Қоғамды жақсы жағынан өзгертуге ұмтылатын азаматты бүлдіршін кезінен тәрбиелей алсам, онда еңбегімнің жанғаны. Маған шәкірттерімнің жақсы спортшы, жоғары нәтиже көрсеткен сайыскер болғанынан бөлек, қоғамға қызмет етер азамат болып өскені керек. Әрбір баламды жақсы адам, жауапкершілікті мойнына ала білетін, ақ пен қараны ажыра білетін тұлға ретінде тәрбиелеп шықсам, мен үшін бұдан асқан бақыт жоқ.
– Бәріміз қазақ деген қастерлі ұлтқа қызмет ету бағытында жүрміз. Болашақта «Қазақ елінің» көсегесін қалай көгерткіңіз келеді? Қандай жоспарларыңыз бар?
– Еліміздің туын көкте желбіретіп, гимнімізді олимпиадада, әлемдік чемпионаттарда шырқатсам деген ниетім бар. Өзім жетпеген жетістіктеріме оқушыларымның жеткенін қалаймын. Болашақта шағын болса да жаттығу залын салып, соның ішінде бүлдіршіндерді осы спорт түріне баулығым, әлемдік кеңістікке шығарғым келеді.
– Асқақ арманыңыз аласармасын! Іске сәт, батыр! Ел алғысына бөлене беруді жазсын.
– Алғысым шексіз!
Сұхбаттасқан: Дастан Қастай
Журналист
Alash.KZ ҰЛТТЫҚ ПОРТАЛЫ