«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы Каспий құбыр консорциумының маңында қазақстандық мұнайды тасымалдауға тиісті кемеге жасалған дрон шабуылына қатысты ресми мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Alash.kz.
Кәсіпорын өкілдері әлеуметтік желіде тараған ақпаратты растап, оқиғаның мән-жайын түсіндірді.
Компанияның баспасөз қызметінің хабарлауынша, MATILDA танкері «ҚазМұнайГаздың» құрамына кіретін «Қазақтеңізкөлікфлоты» мекемесі арқылы жалданып, 18 қаңтарда мұнай тиеуді жоспарлаған болатын. Алайда 13 қаңтар күні кеме ұшқышсыз аппараттың нысанасына айналған.
Осы оқиғаға байланысты компания мынадай дерек келтірді:
«13 қаңтарда танкерге ҰҰА шабуыл жасады. Шабуыл салдарынан жарылыс болып, артынан өрт шыққан жоқ».
Кеме экипажы арасында зардап шеккендер жоқ. Танкердің корпусы айтарлықтай бүлінбеген, кеме өздігінен жүре алатын қалыпта және су бетінде тұр. Қазіргі таңда арнайы топ шабуылдан келген материалдық шығынды есептеп жатыр.