Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Жарылғыш зат тиеп бара жатқан». Айтыскер ақын Салтанат Өтелбаева мен жұбайының өмірін қиған жол апатқа қатысты тың мәлімет шықты

14:00, 21 маусым 2026

Айтыскер ақын Салтанат Өтелбаева мен оның жұбайы Мырзабек Қасымовтың өмірін қиған жол апатына қатысты жаңа мәліметтер жарияланды, деп жазды Alash.kz.

Қайғылы оқиға 16 маусым күні таңғы сағат 07:00 шамасында Ақмола облысындағы Астана – Атбасар – Жақсы автожолының 231-шақырымында болған.

Полицияның алдын ала дерегінше, Chevrolet Tracker автокөлігі қарсы бағыттағы жолаққа шығып кетіп, КамАЗ жүк көлігімен бетпе-бет соқтығысқан. Апат салдарынан жеңіл көліктегі жүргізуші мен жолаушы оқиға орнында көз жұмды.

Ақмола облысы полиция департаментінің мәліметінше, Қостанай облысында тіркелген КамАЗ көлігі Астана бағытына карьер жұмыстарында пайдаланылатын шамамен 20 тонна жарылғыш зат тасымалдап бара жатқан. Жүргізушінің қауіпті жүк тасымалдауға қажетті барлық рұқсат құжаттары болған, сондай-ақ көлікте күзет қызметкері де болған.

Тергеу барысында Chevrolet Tracker жүргізушісінің рөлде қалғып кетуі мүмкін деген нұсқа да қарастырылып жатыр. Құқық қорғау органдарының хабарлауынша, соқтығысудан кейін жарылыс немесе өрт тіркелмеген.

Жол-көлік оқиғасы салдарынан тағы екі адам түрлі дене жарақатын алып, медициналық көмекке жүгінген.

Қазіргі уақытта аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп, апаттың нақты себептері анықталуда.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар