Нұрғали Нүсіпжанов ақын Бақыт Беделханға алғыс айтып, ерекше жазба жариялады, деп хабарлады Alash.kz.
Қазақстанның халық әртісі Нұрғали Нүсіпжанов әлеуметтік желідегі парақшасында жүрекжарды жазба жариялап, ақын Бақыт Беделханға деген ықыласын білдірді, деп жазады Democrat.kz.
Өнер иесі жазбасында ақындардың өз өміріндегі орны ерекше екенін айтып, Мұқағали Мақатаев пен Нұрғиса Тілендиевтің шығармашылығы оның өнер жолының алтын арқауына айналғанын атап өтті.
«Адамдардың арасында жаныма ең жақыны – ақындар…» деп бастаған ол кезінде Мұқағали Мақатаев пен Нұрғиса Тілендиевті бір-бірімен таныстыру бақыты бұйырғанын еске алды.
Сондай-ақ Нұрғали Нүсіпжанов ата-ана, атамекен тақырыбындағы көптеген әндерді алғаш орындап, халыққа жеткізген сәттерін өміріндегі ең қымбат кезеңдердің бірі ретінде бағалайтынын жеткізді.
Әнші ұлы ақын Мұқағали Мақатаевтың:
«Үлкендерден ауысқан кішілікті, Үлкендердің өзіне сыйға берем»,
деген өлең жолдарын келтіріп, Мұқағалиды өзіне пір тұтатын ақын екенін айтты.
Ол Мұқағалидың туған жерінен түлеп ұшқан ақын Бақыт Беделханның шығармалары да жанына жақын екенін айтып:
- Алатаудың екі шыңындай егіз тұлға,ақиық ақын Мұқағали Аға мен қадыр тұтар қасиеттім Нұрғиса Тілендиевті бір-бірімен таныстырып,табыстыру бақыты пешенеме жазылған қазақпын…
Өнер өлкесіндегі бақытымның бастауы да тарлан таланттардың төл туындылары,өміріме өзек болған да біртуар ұлдардың шынардай биік шығармалары…Ата-ана,атамекен-ақ мекен тақырыбында осы кісілердің сиясы кеппеген дүниелерінің кіндігін кесіп,ән-жырларын талғамы биік тыңдарманға жеткізген кездерімді ат басындай алтынға айырбастамайтын адаммын…
Үлкендерден ауысқан кішілікті,
Үлкендердің өзіне сыйға берем,—деп жазған ұлы Мұқаң менің пір тұтар ақыным.Алланың құдіретімен нақ сол Мұқағалидың елінен, Мұқағалидың жерінен түлеп ұшқан Бақыт Беделхан бауырымның жазғандары жанымды толғандырып,жүрегімді тербейді.
Ағаларымды сағынсам Қарасаз жаққа қараймын, Ұзынағаш та көзіме оттай ыстық көрінеді.
Қасиетті қазақтың қара өлеңін,шекпен жауып өзіне қайтарған қайран Мұқағали аға мен өнердің киесі Нұр Ағамның қосылып жазған саф алтын,асыл дүниелерінің тұңғыш орындаушысы болған өмір,тағдырыма басымды идім", -деп жазды Нұрғали Нүсіпжанов.