Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Жанымды жегідей жеді... Жалбарындық!»: Каспийдегі трагедиядан аман қалған сарбаздың анасы жан сырын ақтарды (ВИДЕО)

13:11, 13 қазан 2026

Каспий теңізінде орын алған қайғылы әскери оқу-жаттығу кезінде аман қалған сарбаз Ақжол Темірханның анасы Самал Кеуелова сол бір сұмдық сәттердегі жан күйзелісін бөлісіп, басынан өткен ауыр күндерді еске алды, деп хабарлайды Alash.kz.

Оқиғаның алғашқы минуттарында ұлының қай әскери бөлімде жаттығу жасап жатқанын дөп басып біле алмаған ана әлеуметтік желідегі жазбасында сол күні басынан өткен жан түршігерлік сезімдерін жазды. Жағдайдың Ақжол қызмет ететін бөлімге қатысты екенін естіген бойда, жүрегі зырқыраған ол Жаңаөзеннен Ақтауға қарай асыққан.

Ананың айтуынша, Өзеннен Ақтауға дейінгі жүріп өткен жолы бұрынғыдан да ұзақ көрініп, ішінен тынбай дға тілеген. Басынан өткен сол бір ауыр күндерді еске алған Самал Кеуелова:

«Сол күнгі оқиға мені сындырды… Өмірде талай қиындыққа мойымайтын, бәріне шыдап үйренген мен де сындым… Жанымның қаншалықты ауырғанын сөзбен жеткізу мүмкін емес. Кейбір сәттерді есіме түсіре алмай қалдым. Бұрын басымда екі-үш тал ғана ақ шашым бар еді. Сол бір сағаттың ішінде шашым ағарып, өзімді он жылға қартайып кеткендей сезіндім», — деп жазды.

Жол бойы «“Балам солардың ішінде бар ма? Аман ба? Не болды екен?” деген мың сан сұрақ жанымды жегідей жеді. Тек Алладан тіледік… “Я, Алла, баламды аман сақтай гөр! Баламды маған қайтаршы!” деп жалбарындық» деп толғанған ана сол кезде жолдасының телефон арқылы жылаған дауысын естігенін жеткізді. Ақтауға тақап қалған тұста WhatsApp арқылы келген қуанышты хабардан кейін ғана үміті оянған.

Осы сәтті еске алған ол:

«Сол сәтте уақыт тоқтап қалғандай болды… Бауырыма айқайлап: “Қатты айдашы! Тезірек жетейікші! Штрафын өзім төлеймін!” – деп жалына айқайладым. Сол сәтте мен үшін жол ережесі де, айыппұл да, басқа ештеңе де маңызды емес еді. Тек балама тезірек жетсем екен, аман екенін өз көзіммен көрсем екен деген бір ғана тілек болды», — деді.

Ұлының аман қалуына шексіз шүкіршілік білдірген ана өзге ата-аналарға мұндай сынақты мүлде тілемейтінін айтты.

«Ана жүрегі баласына бірдеңе болғанын сезсе, бүкіл әлем тоқтап қалғандай болады екен… Баламның амандығын білмей өткен сол бір сағат мен үшін ғасырға татиды… Әй, Алла… Баламен сынамашы… Ананың жүрегіне көтере алмайтын қайғыны салмашы… Балаларымыз аман болсыншы… Аналардың көз жасы қуаныштан ғана ақсыншы… Ешбір ата-ана перзентінің тағдыры үшін осылай жанын шүберекке түймесінші… Баламның амандығы үшін мың шүкір, Аллам!» — деп түйіндеді ол.

Еске салайық, Ақжол Темірхан Каспий теңізінде өткен әскери оқу-жаттығу кезінде орын алған қайғылы оқиғадан аман қалған сарбаздардың бірі болып табылады.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар