Талдықорған қаласында 32 жастағы Айзат Жұманованың қазасына байланысты өтіп жатқан сот отырысында марқұмның ауруханаға жеткізілген сәті түсірілген бейнематериал жария етілді, деп жазады Alash.KZ.

Сотта көрсетілген кадрлардан әйелдің ес-түссіз күйде болғаны анық байқалады. Бейнежазбада Айзат Жұманова мүгедектер арбасында қозғалыссыз жатқан күйінде көрінеді. Оның жанында күйеуі Айбар Жанболат пен жақын туыстары болған.

Аурухананың дәлізінде түсірілген бұл видео сот процесі барысында дәлел ретінде ұсынылып, айыпталушыдан түсініктеме алу үшін көрсетілді. Алайда Айбар Жанболат қойылған сұрақтардың басым бөлігіне «білмеймін» немесе «есте сақталмаған» деп жауап берген.

Алайда сотта көрсетілген видеода оның марқұм әйелінің қасына барғаны, қолымен Жұманованың аузын сүрткені, тағы да түсініксіз әрекеттер жасағаны көрінеді. 
 
Желідегі оқырмандар: "Соттау керек", "Өлгелі жатқан адамды қылқындырып жатыр ма?", "Жансақтау бөліміндегі дәрігерлер мен медбикелер не қарап отыр, оларды да жауапқа тарту керек" деген пікірлер жазып жатыр.

Тергеу деректеріне сәйкес, қайғылы жағдай Жетісу облысы Баласаз ауылында маусым айында болған. Айыпталушы сол күні әйеліне аса қатігездік танытып, ауыр соққы жасағаны айтылады. Марқұмның туыстары ер адамның Айзат Жұманованы атқа байлап, далада сүйреген болуы мүмкін екенін алға тартып отыр.

Ауыр жарақат алған әйел кейін Талдықорған қаласындағы облыстық ауруханаға жеткізілген. Дәрігерлердің барлық әрекетіне қарамастан, ол жансақтау бөлімінде көз жұмды. Полиция мәліметінше, қылмысқа қызғаныш себеп болған. Сондай-ақ, оқиға күні айыпталушының мас күйде болғаны хабарланды.