Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Жәнібек Әлімханұлының қашан, кіммен жұдырықтасатыны белгілі болды

09:09, 17 қазан 2026

Қазақстандық кәсіпқой боксшы Жәнібек Әлімханұлының келесі титулдық жекпе-жегінің күні белгілі болды. Даниялық Primetime Boxing промоутерлік компаниясы отандасымыздың жергілікті боксшы Якоб Банкпен кездесетінін ресми түрде жариялады, деп хабарлайды Alash.kz.

Екінші орта салмақтағы WBO нұсқасы бойынша әлем чемпионы атағы сарапқа салынатын айқас 2027 жылғы 23 қаңтарда Данияның Хорсенс қаласында өтеді.

Жәнібектің қарсыласы Якоб Банк алдағы кездесуге қатысты өз болжамын да жасырмады. Sports.kz тілшісінің сұрағына жауап берген даниялық боксшы жеңіске жетіп, чемпиондық белбеуді иеленетініне сенімді екенін жеткізді.

«Менің болжамым өте қарапайым: 23 қаңтарда Якоб Банк екінші орта салмақта WBO нұсқасы бойынша жаңа әлем чемпионы атанады», – деді ол.

Айта кетейік, бұл белбеу бұған дейін ұлыбританиялық Хамза Шираздың міндетті жекпе-жек өткізу талабынан бас тартуына байланысты бос қалған еді. Осыдан кейін Дүниежүзілік бокс ұйымы (WBO) чемпиондық атақ үшін Жәнібек Әлімханұлы мен Якоб Банк арасындағы кездесуді бекітті. Тараптардың өкілдері жекпе-жекті ұйымдастыру жөніндегі келісімге келген.

Жәнібек Әлімханұлы соңғы рет 2025 жылдың сәуірінде Астанада шаршы алаңға шығып, француз боксшысы Анауэль Нгамиссенгені нокаутпен жеңген болатын. Ал Якоб Банк 2026 жылғы 25 шілдеде Сауд Арабиясының Жидда қаласында өткен кездесуде британдық Павел Августыниктен басым түсті.

Енді қос боксшы әлем чемпионы атағы үшін күш сынасады. Жекпе-жек қорытындысы бойынша WBO нұсқасындағы екінші орта салмақтың жаңа чемпионы анықталады.

Бұған дейін Жәнібек Әлімханұлы UFC басшысы Дана Уайттың жаңа боксшысы туралы мәлімдемесіне қатысты пікір білдіріп, оның сөзін жоққа шығарған еді.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар