Ақтөбе облысының Шалқар ауданында жұмыс кезінде күйік шалған екі азаматтың жағдайы ауыр. Зардап шеккендердің бірі денесінің 40 пайызын, екіншісі 80 пайызын күйік шалған күйде ауруханаға жеткізілген. Жарақат алған жұмысшылардың туыстары оқиғаның мән-жайын жан-жақты тексеріп, еңбек қауіпсіздігі талаптарының сақталуын анықтауды сұрап отыр, деп жазады Alash.kz сайты Ulysmedia.kz материалына жүгініп.
«Жетінші арнаның» мәліметінше, 23 жастағы жұмысшының денесінің 40 пайызы күйіп қалған. Оған медициналық көмек көрсетілгеннен кейін санитарлық авиациямен Ақтөбе қаласына жеткізілді. Қазіргі уақытта ол жансақтау бөлімінде ем қабылдап жатыр. Дәрігерлер науқастың жағдайын ауыр деп бағалағанымен, әзірге тұрақты екенін айтады.
Ал екінші зардап шегуші – 46 жастағы, екі қыздың әкесі. Оның денесінің 80 пайызын күйік шалған. Ер адам Шалқар аудандық ауруханасының жансақтау бөлімінде жатыр. Есін білгенімен, жағдайы әлі де ауыр.
Ақтөбедегі мамандар аудандық аурухана дәрігерлерімен байланыс орнатып, науқасты емдеу бойынша қашықтан кеңес беріп отыр. Науқастың жағдайы тасымалдауға мүмкіндік берсе, оны да санитарлық авиация арқылы облыс орталығына жеткізу көзделген.
Күйік жарақаттарын емдейтін дәрігер Нұрлан Әбішевтің айтуынша, екінші науқастың жағдайы тұрақтанғаннан кейін оны Ақтөбеге жеткізу мәселесі шешіледі.
Оқиға Шалқар ауданында «Қазақстан темір жолы» компаниясына қарасты орман екпелері учаскесінде болған.
ҚТЖ ұсынған ақпаратқа сәйкес, жұмысшылар қауіпсіздік техникасы бойынша күнделікті нұсқаулықтан өткен. Осыдан кейін оларға көлемі 200 литр болатын бөшкеде қалған АИ-92 маркалы бензинді басқа ыдысқа ауыстыру тапсырылған.
Алайда жанармайды құю кезінде кенеттен өрт шығып, екі жұмысшы да ауыр күйік алған. Әзірге тұтануға нақты не себеп болғаны анықталған жоқ.
Жұмысшылардың бірінің қызы журналистерге отбасы оқиға туралы бірден хабардар болмағанын айтқан. Оның сөзінше, әкесі жүргізуші болып еңбек еткен және жанармай құю оның негізгі міндетіне кірмеген.
Осыған байланысты отбасы мүшелері жұмысшыға мұндай тапсырманың қандай негізде берілгенін білгісі келеді. Олар оқиғаның барлық мән-жайын анықтап, қызметкерлерге жүктелген міндеттердің заңдылығын және еңбек қауіпсіздігі ережелерінің орындалуын тексеруді талап етіп отыр.
Қазіргі уақытта жанармайдың тұтану себебі мен оқиғаға қатысты өзге де мән-жайлар туралы толық ақпарат жарияланған жоқ.