Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов арнайы мораторий мерзімі аяқталғанына қарамастан, бензин мен дизель отынының бағасы тұрақты сақталатынын мәлімдеді, деп жазады Alash.kz.
Қазіргі уақытта мемлекеттік органдар нарықтағы ахуалды жіті бақылап, негізсіз баға өсіміне тосқауыл қоюда. Нарықтағы тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатында Энергетика министрлігі, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі мен жергілікті әкімдіктер бірлескен бақылау жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бұл шаралар антибәсекелестік әрекеттердің алдын алуға және көтерме саудадағы баға саясатын қадағалауға бағытталған. Министрлік өкілі нарық қатысушыларының заңсыз келісімдеріне жол берілмейтінін атап өтті.
Сұңғат Есімханов көрші мемлекеттердегі жанармай бағасының жоғары екенін алға тарта отырып, еліміздегі жағдайға баға берді. Оның пайымдауынша, Қазақстанда бағаның күрт секірісі орын алмайды, тек экономикалық негізделген біртіндеп өзгеру үрдісі байқалуы мүмкін.