Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жаһандық саясаттағы жауапкершілік пен стратегиялық ұстамдылықтың маңыздылығына тоқталды, деп жазады Alash.kz.
Мемлекет басшысының пікірінше, бүгінгідей күрделі кезеңде әлемдік деңгейдегі жетекшілер халықаралық қауіпсіздікті сақтауға баса назар аударуы тиіс. Сонымен қатар, Президент Таяу Шығыстағы қақтығыстардың экономикалық салдарын саралап, келіссөздер барысында мәселенің негізгі себептеріне үңілу қажеттігін мәлімдеді.
Мемлекет басшысы халықаралық қатынастардағы сабырлылық пен саналылықты басты орынға қояды. Оның пайымдауынша, әлем елдері арасындағы текетірестерді шешудің жолы қарапайым — ол әрбір қадамды ойланып жасау және стратегиялық сабыр сақтау. Президент бұл қағидаттардың тек жаһандық державаларға емес, кез келген аймақтағы мемлекет басшыларына ортақ екенін атап өтті.
Қазіргі геосаяси ахуал туралы Қасым-Жомарт Тоқаев өз ойын былайша толық жеткізді: «Меніңше, жаһандық лидерлер, сондай-ақ әртүрлі өңірлердегі жекелеген мемлекеттердің басшылары, ең алдымен, халықаралық қауіпсіздік пен бейбітшілік мәселелеріне жауапкершілікпен қарауы керек. Бүгінгі таңда стратегиялық ұстамдылық өте маңызды рөл атқарады. Осынау күрделі, тіпті парадоксалды әлемде қалыптасқан жағдайдан шығудың жолы, менің ойымша, қарапайым. Неғұрлым жауапты болып, ұстамдылық таныту қажет».
Бұдан бөлек, Президент Иран төңірегіндегі жағдайға және Ормуз бұғазындағы сауда дәліздеріне қатысты пікір білдірді. Ол халықаралық қауымдастықтың назарын екінші дәрежелі мәселелерден негізгі қауіпке бұру керектігін ескертті. Тоқаевтың пікірінше, бүгінде әлемдік сауданың өсімі сақталғанымен, қауіпсіздіктің басты факторы болып табылатын ядролық қарудың таралуы мәселесі тасада қалмауы тиіс.
Осы мәселеге қатысты Мемлекет басшысы былай деді:
«Мен әлемде болып жатқан жағдайларға үлкен саналылықпен қарауға кеңес берер едім. Мысалы, бәрі Иранды талқылап жатыр. Әрине, ол жерде жағдай күрделі. Бұл туралы қандай да бір пікір білдіру қиын. Қазақстан Шығанақ елдерімен ынтымақтастығын білдірді. Біз барлық мемлекеттерді стратегиялық ұстамдылық танытуға және әскери іс-қимылдарды тоқтатуға шақырдық. Бұл қақтығыстың теріс салдарын бәрі сезінді. Ең алдымен, экономика қатты зардап шекті. Бүгінде бәрі Ормуз бұғазы арқылы кемелердің еркін қозғалысы туралы айтып жатыр. Бірақ біз қақтығысқа дейін бұл теңіз дәлізі еркін сауда үшін ашық болғанын ескеруіміз керек. Сондықтан біз мәселенің мәніне үңілуіміз қажет. Ал мәселенің мәні – ядролық технологиялар мен ядролық қарудың таралуында. Иран төңірегіндегі қақтығыс туралы сөз болғанда, бұл мәселе келіссөздердің негізгі тақырыбы болуы тиіс. Бірақ қазір біз жаһандық сауда мәселелерін талқылауға көшіп кеттік. Соған қарамастан жаһандық сауда өсіп жатыр. Тек өткен жылдың өзінде өсім 2,5%-ды құрады. Демек, әлемдегі сауда жағдайы онша нашар емес. Бірақ сауданың сапасы мен мазмұны – үлкен мәселе».