Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Жаңа күдіктілер пайда болды»: Ұлдана Мырзуанның қазасына қатысты тың детальдар ашылды (ВИДЕО)

10:31, 11 қыркүйек 2026

Астанада тұрғын үйдің қасбеті құлап, жедел жәрдем фельдшері Ұлдана Мырзуанның қаза болуына қатысты сот процесінде жаңа күдіктілердің пайда болғаны белгілі болды. Қазіргі уақытта сотта Мүлік иелері бірлестігінің (МИБ) төрайымы Сәуле Жұбаниязова жауап беріп жатыр, деп хабарлайды Alash.kz.

Айыптаушы тараптың мәлімдеуінше, тұрғын үйді бұған дейін басқарған тұлғалардың әрекеті де назардан тыс қалмайды.

«Үйді басқару органдарының бұрынғы жетекшілерінің міндеттерін орындауына қатысты мән-жайлар құқықтық бағасыз қалмады. Олар жеке қылмыстық іс жүргізу пәні болып табылады, онда барлық қатысы бар адамдарға тиісті баға беріледі», - деді прокурор Нұрдәулет Абуов.

Сондай-ақ сот отырысында құрылыс салушы компанияға қатысты істі прокуратура тоқтатуға қаулы еткені айтылды. Бұған кепілдік мерзімінің әлдеқашан өтіп кеткені және бұл құрылысқа жауапты болған басты тұлғалардың қайтыс болуы себеп болған.

Сотта техникалық қадағалау маманы Денис Воробьёв та айғақ берді. Оның сөзінше, үйдегі қасбет қаптамасындағы ақаулар қайғылы жағдайдан әлдеқайда бұрын пайда болған. Ал қарапайым тұрғындар арнайы мамандардың көмегінсіз қасбеттің құлау қаупін өздігінен болжай алмайтынын жеткізді.

Еске салсақ, 2025 жылдың 8 қарашасында Астанада тұрғын үйдің қасбеті құлап, шақыртумен келген фельдшер Ұлдана Мырзуан ауыр жарақат алған еді. Ол 10 күн бойы жансақтау бөлімінде жатып, алған жарақаттарынан ауруханада қайтыс болды.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар