Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Жаңа жылға арналған таңдаулы құттықтаулар мен ізгі тілектер жинағы

14:48, 31 желтоқсан 2025

Жаңа жыл – адам баласының болашаққа үмітпен қарап, ақ тілектерін арнайтын ерекше мерекесі.

Alash.kz осы айтулы сәтте жақындарыңыз бен әріптестеріңізге, шәкірттеріңіз бен достарыңызға арналған жаңа мазмұндағы құттықтаулар мен тілектерді ұсынады.

Құрметті _________

Сізді және Сіз басқарып отырған ұжымды келіп жеткен Жаңа жыл мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!

Жаңа жыл – жаңа белестер мен тың бастамалардың символы. Бұл кезең өткен жылдың жемісін қорытындылап, болашаққа зор сеніммен қадам басатын шақ. Осы мерейлі сәтте Сіздерге сарқылмас қуат, кәсіби табыс және шығармашылық өрлеу тілеймін. Әрбір атқарылған іс берекелі болып, ортақ мақсат жолындағы еңбектеріңіз жана берсін. Мемлекетіміздің дамуына қосып жатқан үлестеріңіз еселенсін!

Құрметті __________

Табалдырығымыздан аттаған Жаңа жыл құтты болсын! Бұл жыл әр шаңыраққа шаттық пен молшылық, елімізге тыныштық пен бақ-береке әкелсін. Атқарған істеріңіз нәтижелі болып, әр күніңіз қуанышқа толсын. Барлық асыл армандарыңыз орындалатын сәтті жыл болғай!

Құрметті әріптес!

Жаңа жыл Сіз үшін зор мүмкіндіктер мен биік белестер жылы болсын! Кәсіби шеберлігіңіз шыңдалып, еңбегіңіз лайықты бағалансын. Отбасыңыздан бақ, босағаңыздан береке кетпесін. Әрбір игі бастамаңызда сәттілік серік болып, абыройыңыз асқақтай берсін!

Құрметті шәкірттер!

Жаңа жылдарың құтты болсын! Сендер – жаңа заманның жасампаз ұрпағы, еліміздің жарқын болашағысыңдар. Білім жолындағы ізденістерің жемісті болып, ғылымның биік шыңдарын бағындыра беріңдер. Сендердің жетістіктерің – біздің мақтанышымыз. Бойларыңдағы жігер мен зейін ешқашан сөнбесін. Ел үмітін ақтайтын білімді де білікті азамат болып қалыптасуларыңа тілектеспін!

Аяулы досым (бауырым, қарындасым)!

Жаңа жыл сенің өміріңе жаңа реңк, ерекше қуаныш сыйласын! Денсаулығың мықты, көңілің әрқашан көтеріңкі болсын. Армандарың ақиқатқа айналып, мақсаттарыңа мүдірмей жеткейсің. Қыстың аппақ қарындай таза ниетіңе Алла Тағала тек жақсылықтарды нәсіп етсін!

Құрметті ағайын!

Келіп жеткен Жаңа жыл баршаңызға құтты болсын! Әрбір қазақстандықтың үйінде мерекелік дастарқан кеңейіп, балалардың күлкісі естілсін. Ынтымағымыз жарасып, бірлігіміз бекемделсін. Ел іргесі аман, болашағымыз айқын болғай. Қасиетті қара шаңырақтарыңыздан ырыс пен бақ кетпесін!

Жас дос!

Жаңа жыл – сенің жігеріңді жанып, мақсатыңа қарай сенімді қадам басатын уақытың. «Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста, сонда толық боларсың елден бөлек» деген ұлы хаким Абайдың сөзін темірқазық ет. Өзіңе сен, білімге ұмтыл және еңбек етуден жалықпа. Таңдаған жолың ақ, ниетің түзу болсын. Жаңа жылда жаңа белестерді бағындыруыңа тілектеспін!

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар