Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Жаңа жұмыс орындарын ашу, халықтың тұрмыс сапасын арттыру»: Президент «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасын қабылдады

18:36, 17 маусым 2026

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Жақыповты қабылдады, деп жазады Alash.kz.

Ақорданың хабарлауынша, Мемлекет басшысына Қордың биылғы бес айдағы жұмыс қорытындылары және орта мерзімді кезеңге арналған даму жоспары туралы есеп берілді.

Нұрлан Жақыпов:

2025 жылдың қорытындысы бойынша Қор басқаруындағы активтер 88 миллиард долларды құрағанын айтты.

Ауқымды инфрақұрылымдық және өнеркәсіптік жобаларды жүзеге асыру жалғасуда. Биыл 3,3 триллион теңгеге 16 жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. 

Атап айтқанда, Мойынты – Қызылжар, Дарбаза – Мақтаарал жаңа теміржол желілерінің құрылысы, Қашағандағы газ өңдеу зауыты, Алматы екінші жылу электр орталығын жаңғырту, гибридті электр станциясын салу және Каспий теңізінің табанына талшықты-оптикалық желі төсеу жобалары қолға алынған.

Бұл бастамалар еліміздегі көлік, энергетика және цифрлық инфрақұрылымды нығайтуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға, сондай-ақ халықтың тұрмыс сапасын арттыруға мүмкіндік береді.

Қор жобалары ұжымдық әлеуметтік жауапкершілік аясында жылына шамамен 1 миллион қазақстандыққа қолдау көрсететіні жөнінде баяндады. 

Бұдан бөлек, «Таза Қазақстан» жалпыхалықтық экологиялық акциясы шеңберінде ел аумағы бойынша 5 миллион көшет егу көзделген. Бұл ретте 2024-2025 жылдары 5,8 миллион ағаш отырғызылған. 

Жалпы, 2023-2026 жылдар аралығында 856 миллиард теңгеге 100-ден аса әлеуметтік жоба жүзеге асырылған.

Биыл қазан айында Қосшы қаласында NVIDIA B300 базасындағы жаңа суперкомпьютерді іске қосу жоспарланғанын мәлімдеді. 

Жаңа кластер жұмыс істей бастаған соң «Қазақтелеком» портфелдік компаниясындағы суперкомпьютер қуаты төрт есе артады. Бұл еліміздің жасанды интеллект, деректерді өңдеу және өнімі жоғары есептеуіш саласындағы мүмкіндіктерін айтарлықтай кеңейтуге мүмкіндік береді.

Мемлекет басшысы: 

Қордың негізгі жұмыс бағыттары, соның ішінде басты инвестициялық жобаларды уақтылы іске асыру бойынша бірқатар міндет жүктеді.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар