Қазақстан бочча федерациясының президенті Мәулен Әшімбаев өңірлік филиалдардың басшыларымен онлайн кездесу өткізді, деп хабарлайды Alash.kz.
Бұл туралы экс-Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.
Оның айтуынша, кездесу барысында өңірлерде атқарылып жатқан жұмыстар сараланып, алдағы міндеттер айқындалған. Сонымен қатар қатысушылардың ұсыныс-пікірлері тыңдалып, келесі жылға арналған жоспарлар пысықталған.
Мәулен Әшімбаев боччаның ерекше қажеттіліктері бар азаматтардың спортпен айналысуына мүмкіндік жасаудағы маңызын атап өтті.
«Бүгін Қазақстан бочча федерациясында өңірлік филиалдардың басшыларымен онлайн кездесу өткіздік.
Іс-шара барысында аймақтарда боччаны дамыту және дәріптеу бағытында атқарылып жатқан жұмысты талқылап, алдағы міндеттерге назар аудардық. Сондай-ақ әріптестеріміздің ұсыныс-пікірлерін тыңдап, 2027 жылға арналған жоспарымызды пысықтадық.
Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев елімізде бұқаралық спорттың азаматтарға, соның ішінде ерекше қажеттілігі бар жандарға қолжетімді болуын қамтамасыз ету мәселесіне үнемі баса мән беріп келеді. Осы орайда боччаның маңызы зор. Себебі, бочча адамдардың спортпен тұрақты айналысуына мүмкіндік беріп қана қоймай, олардың өз әлеуеттерін жүзеге асыруына жол ашады.
Сондықтан Федерациямыз өңірлердегі жұмысты одан әрі жандандыруға, спортшылар мен жаттықтырушыларды қолдауға, балалар мен жастардың жаттығуына қажетті жағдай жасауға және ата-аналармен байланысты арттыруға үлкен көңіл бөліп отыр.
Алдағы уақытта жиында көтерілген бастамалар нәтижелі іске асырылып, боччаның қарқынды дамуына және атлеттеріміздің жаңа жеңістерге қол жеткізуіне тың серпін береді деп сенеміз», – деп жазды Мәулен Әшімбаев.