Мәжілістің VIII шақырылым депутаты Қазыбек Әлішев жаңа қызметке сайланды, деп хабарлайды Alash.kz.
Ақтөбе облысында «Әділет» партиясы облыстық филиалының кезектен тыс ІІІ конференциясы өтті.
Партия филиалының баспасөз қызметінің мәліметінше, алқалы жиында делегаттар филиал төрағасын сайлап, Саяси кеңестің құрамына өзгерістер енгізді. Ашық дауыс беру қорытындысы бойынша облыстық филиалдың жаңа төрағасы болып Қазыбек Әлішев сайланды.
Конференцияға «Әділет» партиясы төрағасының орынбасары Ержан Жылқыбаев бейне байланыс арқылы қосылды. Сондай-ақ жиынға облыстық мәслихат төрағасы Гүлқасима Сүйінтаева, аумақтық филиалдар мен бастауыш партия ұйымдарының басшылары және жастар қанатының белсенділері қатысты.
Жаңадан сайланған төраға Қазыбек Әлішев ұзақ жылдар бойы заң саласында, мемлекеттік қызметте және кәсіпкерлік салада жемісті еңбек етіп келеді.
Филиал ұжымына жаңа басшыны таныстыра отырып, партия төрағасының орынбасары Ержан Жылқыбаев тұрғындардың әлеуметтік-экономикалық әл-ауқатын жақсарту үшін саяси ұйымның рөлін күшейтуге бағытталған бірқатар маңызды міндеттерді айқындады. Негізгі басымдықтар ретінде сайлаушылармен және партия жақтастарымен тұрақты байланыс орнату қажет екенін, атқарылып жатқан жұмыстарды жүйелі түсіндіріп, оның нақты нәтижесін көрсетудің маңызын атап өтті.