Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Жаңа адамдар» форумы: Жастар мен билік диалогының жаңа деңгейі

10:15, 10 ақпан 2025 155

8 ақпанда өткен «Жаңа адамдар» жастар форумы Қазақстанның азаматтық қоғамы үшін маңызды оқиғаға айналды. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев алғаш рет белсенді жастармен ресми емес, еркін форматта кездесті. Мұнда қатаң хаттама да, ресми баяндамалар да болған жоқ – тек ашық пікірталас, батыл идеялар мен шынайы бастамалар көтерілді.

Қазіргі уақытта Қазақстан маңызды таңдау алдында тұр: жастарға өзін-өзі көрсетуге мүмкіндік беру немесе жаңа ұрпақтың билікке деген сенімсіздігімен бетпе-бет келу. Бүгінде мемлекет екінші жолдың тығырыққа тірейтінін түсініп, «Жаңа адамдардың» қоғам мен билік арасындағы көпірге айналуына мүмкіндік беріп отырғанын бақылауға болады, деп хабарлайды Alash.kz

Кедергісіз формат: жастар күн тәртібін өздері қалыптастыруда

Форум Қазақстанда жастар мен билік арасындағы жаңа диалог мәдениетінің қалыптасып жатқанын көрсетті. Бұл жай ғана кездесулердің бірі емес, нағыз өзгерістер талқыланатын және нақты шешімдер ұсынылатын ашық алаң.

Қозғалыс жетекшісі Әсел Баденова Президентке ұйымның осыған дейін атқарған игі істері мен азаматтық бастамаларын баяндады:

Қазақстанның 19 қаласында кампустар жұмыс істейді;
15 мың белсенді жас қозғалысқа мүше;

Қозғалыс елімізде ондаған азаматтық бастамалар мен акцияларды ұйымдастырып үлгерген. Жастар вандализммен, рұқсат етілмеген жерге қоқыс төгушілермен, кәмелетке толмаған балаларға ішімдік сатушылармен, есірткі таратушылармен және басқа да әлеуметтік кеселдермен күрес жүргізіп, өздерінің азаматтық ұстанымдарын ашық әрі белсенді білдіріп жүр.

«Жаңа адамдар» – жаңа қоғамның айнасы

Мемлекет басшысы форумға жиналған жалынды жастардың бойындағы Отанға, елге деген сүйіспеншілік пен құрметке ризашылығын білдіріп, көзі ашық, көкірегі ояу азаматтардың әр жетістігіне қуанатынын, әр бастамасын қолдайтынын жеткізді.

"Қазақстанның жастары – жасампаз. Мен мұны үнемі айтып жүрмін. Жаңа ғана өте жақсы ойлар айтылды. Тың идеялар, игі бастамалар бар. Сіздердің сөздеріңізді тыңдап, форум атмосферасын сезіне отырып, кеудемді мақтаныш кернеді. Қазақстанның болашағына деген сенімім нығая түсті", - деді Тоқаев.

Осы орайда президент қазақ үйренетін де, үйрететін де ұлт болуы керек екенін атап өтті.

"Біз жұрттан көш ілгері жүретін ел боламыз. Үйренетін де, үйрететін де ұлт боламыз. Жастар барлық өзгерістің бастауында тұрады. "Жаңа адамдар" – жаңа болмыс! Бұл – өз еліне адал жастардың қозғалысы! Біздің стратегиямызға қолдау білдірген сіздерге алғыс айтамын. Реформаларымыздың мән-маңызы ұрандарыңызда көрініс тапқан. Бұл өзгерістер Әділетті Қазақстанды құру, "Заң мен тәртіпті" қамтамасыз ету тұжырымдамасына негізделген", – деп атап көрсетті мемлекет басшысы.

Қазақстан – жастар үшін мүмкіндіктер елі

Мемлекет басшысының пікірінше, ел үшін адал қызмет ету жауапкершілік алудан қорықпайтын, батыл азаматтардың қолынан келетін жұмыс екенін ескертіп, Қазақстанда жастарды қолдаудың нақты тетіктері іске асырылып жатқанын атап өтті:

Ұлттық қордан балаларға бөлінетін қаражат – әр бала туғаннан бастап жеке есепшотына ақша жинайды;

Гранттар, стипендиялар, қолжетімді білім беру жүйесі;

«Болашақ» бағдарламасы және Президенттік жастар кадрлық резерві – жастардың мемлекеттік басқаруға келу мүмкіндігі;

Парламент пен мәслихаттардағы жастар квотасы – саяси шешімдерге ықпал етудің нақты құралы;

Креативті индустрияны дамыту – әдебиет, кино, музыка, IT, гейм-девелопмент салаларындағы жаңа мүмкіндіктер.

Төменнен басталған қозғалыс

Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа адамдар» қозғалысын қолдап, жастардың үні ел болашағы үшін шешуші рөл атқаратынын атап өтті. Бұл – маңызды белгі. Қазақстанға өз пікірін ашық айтып, нақты шешімдер ұсына алатын жаңа буын көшбасшылары қажет.

«Жаңа адамдар» – бұл қоғамның өзін-өзі ұйымдастыруының айқын мысалы. 2022 жылдың күзінде белсенділердің Президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесуі осы қозғалыстың кеңінен танылуына себеп болды. Дегенмен, сол сәттен кейін де «Жаңа адамдар» қандай да бір ресми құрылымға айналған жоқ. Жастар ешкімнің қолдауын күтпей, экология, әлеуметтік әділеттілік және қала дамуы мәселелерін шешу үшін өздері әрекет етуде.

(Тоқаев 2022 жылғы 14 қарашада «Жаңа адамдар» қозғалысының белсенділерімен кездесу өткізді)

«Жаңа адамдар» – өзекті мәселелерді ашық талқылайтын еркін алаң. Мұнда жастарды толғандыратын нақты сұрақтар көтеріледі, күн тәртібін шенеуніктер емес, қоғамның өзі айқындайды.

Мысалы, 2023 жылдың қарашасында Алматыда өткен «Хайуандар әлеміне жоқ де» аттытұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы акция үлкен қоғамдық резонанс тудырды. 600-ден астам адам қатысқан бұл шара заңдарды қатаңдату жеткіліксіз екенін, ең алдымен, қоғамдық сананы өзгерту қажет екенін көрсетті. Бұл – «Жаңа адамдардың» қоғамға маңызды мәселелерді талқылауға мүмкіндік беретін платформасы екенін дәлелдейтін жарқын мысалдардың бірі.

Жастардың көтеретін негізгі мәселелері:

заңсыз қоқыс үйінділерімен күрес,

кәмелетке толмағандарға алкоголь сатуды тоқтату,

вандализмнің алдын алу,

қаладағы инфрақұрылым мәселелерін (жарық, жол, жаяу жүргіншілер жолы) жақсарту,

таксиде жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету,

әлеуетті қылмыскерлер мен қоғамға қауіп төндіретін тұлғаларды анықтау және т.б.


«Жаңа адамдардың» қызметіне билік ықпал ете алмайды, алайда оның бастамалары мемлекеттік шешімдерге әсер етуде. Қозғалыс белсенділерінің арқасында экологиялық мәселелер күн тәртібіне шығарылды, ал жасөспірімдер қылмысы туралы тақырып қоғамда кеңінен талқылана бастады.

Қозғалыс билік үшін ыңғайлы құрал болуы мүмкін, өйткені ол жастар мәселелерін шешуге көмектеседі. Дегенмен, белсенділердің бастамалары кейде жүйені алаңдатуы да мүмкін. Себебі олардың әрекеттері алдын ала белгіленген жоспарға емес, қоғамның шынайы сұранысына негізделген.

Мысалы, 2024 жылы Астанада өткен «Қазақстан - бар ғұмырым» атты бірінші жастар конвенті ел жастарының мемлекет дамуы туралы өз көзқарасы бар екенін көрсетті. Бұл жай ғана кездесу емес, елдің болашағы туралы жаңа күн тәртібін ұсынған пікірталас алаңы болды.
Бір алаңда алғаш рет жеті мыңнан аса белсенді азаматтық ұстанымы бар жас, креативті, шығармашылық адамдар бүкіл елге: «Қазақстан – бар ғұмырым!»,- деп жариялау үшін бас қосатын болады.

«Жаңа адам» деген кім?

«Елу жылда ел жаңа» деген сөздің растығына талай мәрте шежірелі тарих көз жеткіздірткен еді. Заман ғана емес, адамдар да жаңаруда. Бұған дәлел Қазақстанда «Жаңа адамдар» қозғалысының пайда болуы.

«Жаңа адам» – бұл Жаңа Қазақстанды құру туралы Президенттің үндеуіне үн қосып, өзгерісті өзінен бастаған адам. Ол өз көзқарасын жаңартып, масылдықтан бас тартқан, жоғарыдан нұсқау күтпей, өз қолымен жаңа елді қалыптастыратын азамат.

Әр адамның өмірі де, елдің болашағы да өз қолында. Біз – өз күшімізге сенетін, бастамашыл және жауапкершілікті өз мойнына алатын жаңа буынбыз. Біз – өзгеден көмек күтпей, өз мүмкіндіктерін өзі жасайтын ұрпақпыз. Біз – мемлекетке немесе айналамыздағы адамдарға тәуелді болмауды, тек адал еңбек пен табандылық арқылы жетістікке жетуді көздейтін азаматтармыз.

Шын мәнінде, мемлекеттік жүйенің жаңаруы үшін қоғамға жаңа адамдардың шығуы және олардың мемлекеттік жүйеге енуі талап етілетін сөзсіз. «Жаңа адамдар» жастар қозғалысы осы талап үдесінен шығады, және қазақстандық жастар үшін жетекші рөлге ие болады деп сенгіміз келеді. 

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар