Атырау облысында жұмбақ жағдайда із-түссіз жоғалып кеткен отбасыға қатысты іздестіру жұмыстары жалғасып жатыр, деп жазады Alash.kz ұлттық порталы.
Журналист Жанат Молдашова елді алаңдатқан оқиғаға байланысты желідегі парақшасында жаңа жазба жариялады.
“Жангелдиндегі трагедияға қатысты әлеуметтік желі қолданушыларынан түрлі бейресми ақпараттар келіп түсіп жатыр. Жан түршігетін жазбаларды жиырма күн астам уақыт оқып отырмын. Оның рас-өтірігін анықтау әзірге мүмкін емес. Туыстары әр жерде айтылып жатқанның көбі жалған екенін айтады. Қазір құзырлы органдар ешқандай мәлімет бермейді. Қылмыстық-процестік кодекстің 201 бабына сүйенеді.
Бірақ жоғалғандар Наурыз, Мейрамгүл, Ақбаян мен күдікті Сұлтан Сәрсемалиевты іздеу жалғасып жатыр. Тоқтаған жоқ.
“Жангелдин ауылындағы қылмыс болған, марқұмдардың мәйіті табылған үй түгелдей тінту жасалды ма?” деп Атырау облыстық Прокуратурасынан да сұрадым. Олар да толықтай екі рет, соңғы рет өткен апта тексерілгенін айтты.
«Неге үнсіз қалды?» деп күні-түні жазып жатқандар бар. Бұл қанды қылмысқа қатысты құзырлы органдар тарапынан ресми мәлімдеме болса, міндетті түрде бөлісемін. Кейде мұндай қылмыстар жылдар бойы тергеп-тексерілуі мүмкін. Сондықтан сәл күтейік. Күдікті қолға түссе, бәрі де белгілі болар”,- деп жазды журналист.