Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстау облысында әскери қызметшілердің қаза табуына байланысты арнайы өкімге қол қойып, 25 қыркүйекті Қазақстанда Жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады, деп хабарлайды Alash.kz.
Бұл — еліміз тәуелсіздік алған жылдардан бергі 14-ші жалпыұлттық аза тұту күні. Осы уақытқа дейін мемлекетте шахта апаттары, табиғи апаттар, лаңкестік оқиғалар, әуе апаттары мен әскери қызметшілердің м қазасына байланысты бірнеше рет қаралы күн жарияланған болатын. Қазақстан тарихындағы қаралы күндер тізімі төмендегідей қалыптасты:
2006 жылғы 20 қыркүйек – Ленин атындағы шахтадағы газ пен көмір қоспасының жарылысынан 41 кенші қаза тапты;
2008 жылғы 14 қаңтар – «Абай» шахтасында метан жарылып, 30 кенші қаза тапты;
2010 жылғы 16 наурыз – Қызылағаш су қоймасы бөгетінің бұзылуы салдарынан 45 адам, оның ішінде 11 бала қаза тапты;
2012 жылғы 5 маусым – «Арқанкерген» шекара бекетінде 14 шекарашы мен бір қорықшы қайтыс болды;
2012 жылғы 27 желтоқсан – Шымкент маңында Ан-72 әскери ұшағы апатқа ұшырап, борттағы 27 адам түгел қаза тапты;
2013 жылғы 31 қаңтар – Алматы маңында SCAT әуе компаниясы ұшағының апатынан 21 адам қаза тапты;
2016 жылғы 9 маусым – Ақтөбедегі теракт салдарынан 8 адам қаза тапты;
2019 жылғы 28 желтоқсан – Алматы әуежайы маңында Bek Air ұшағы құлап, 13 адам қайтыс болды;
2020 жылғы 13 шілде – COVID-19 пандемиясы құрбандарын еске алуға арналған аза тұту күні;
2021 жылғы 29 тамыз – Байзақ ауданындағы әскери оқ-дәрі қоймасындағы жарылыстан 17 адам қаза тапты;
2022 жылғы 10 қаңтар – Қаңтар оқиғалары салдарынан қаза тапқан 238 азаматты еске алу күні;
2023 жылғы 12 маусым – «Семей орманы» резерватындағы өрттен 14 орман шаруашылығы қызметкері қаза тапты;
2023 жылғы 29 қазан – Костенко шахтасындағы апат салдарынан 46 кенші қаза тапты;
2026 жылғы 25 қыркүйек – Маңғыстау облысындағы оқу-жаттығу кезінде 12 әскери қызметші қаза тапты.
Қазіргі уақытта Маңғыстаудағы қайғылы оқиғаның мән-жайын толық анықтау үшін арнайы комиссия құрылып, тиісті тергеу амалдары жүргізілуде.