Солтүстік Македонияда өткен Мирослав Петрович атындағы халықаралық турнирде Қазақстанның жастар құрамасы жалпы есепте бірінші орынды жеңіп алды, деп хабарлайды Alash.kz.
Бокс бәсекесінде ел намысын қорғаған отандық былғары қолғап шеберлері жарыс қорытындысы бойынша үш алтын медальді қоржынға салды. Атап айтқанда, 55 келі салмақ дәрежесінде Арман Мырсабит, 65 келіде Нұрмұхаммед Алдаберген және 75 келіде өнер көрсеткен Шамсәт Лесбай қарсыластарынан басым түсіп, тұғырдың ең биік сатысына көтерілді.
Сонымен қатар, халықаралық доданың нәтижесінде жастар құрамасының аға жаттықтырушысы Бақыт Сәрсекбаев турнирдің «Үздік жаттықтырушысы» атағына ие болса, 75 келіде чемпион атанған отандасымыз Шамсәт Лесбай жарыстың «Үздік боксшысы» болып танылды.