Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

"Жалғыз асыраушысы болған". Алматыда 8-қабаттан құлап қайтыс болған студентке қатысты жаңа мәлімет шықты

09:46, 09 мамыр 2026

Алматыда Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің 1-курс студенті 8-қабаттан секіріп, көз жұмды. Қайғылы оқиға қоғамда үлкен резонанс тудырып, түрлі болжамдардың таралуына себеп болды. Алайда оқу орны марқұмның оқу үлгерімі жақсы болғанын және гранттан айырылу қаупі болмағанын мәлімдеді, деп жазды Alash.kz. 

Белгілі болғандай, 20 жастағы Бақтияр университеттің философия мамандығының орыс бөлімінде білім алып жүрген. Ол оқу орнына кеш түссе де, қысқы сессияны сәтті тапсырып, тұрақты түрде шәкіртақы алып отырған. Университет проректоры Мақсат Жақауовтың айтуынша, студенттің тұрмыстық жағдайы өте ауыр болған.

Марқұмның анасы мен әпкесі ауыр дертке шалдыққан. Анасының денсаулығы нашар болса, әпкесі қант диабетінің салдарынан көру қабілетінен айырылған. Сонымен қатар анасы аяғынан айырылғаны айтылды. Отбасының негізгі тірегі болған Бақтияр шәкіртақысымен үйін асырап, анасын күтіп, күнделікті тұрмысқа қажетті азық-түлік алып жүрген.

Оқиға күні студент таңғы сағат сегізде өтетін тестке келгенімен, аудиторияға кірмеген. Кейін ол университет ғимаратының сегізінші қабатынан секіріп кеткен. Куәгерлердің айтуынша, жас жігіт ғимарат маңында тұрған көліктің алдына құлап, ауыр соққыдан денесі бірнеше метрге домалап түскен. Соққының қатты болғаны соншалық, ол жедел жәрдем жеткенше көз жұмған.

Оқиғадан кейін әлеуметтік желілерде түрлі болжамдар тарады. Алайда университет басшылығы оның оқу үлгерімі төмен болмағанын, тәртіптік ескертулер алмағанын және психологиялық көмек қызметіне жүгінбегенін атап өтті.

Қазіргі таңда Алматы қаласы полиция департаменті Қылмыстық кодекстің 105-бабы — «Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу» бойынша қылмыстық іс қозғап, тергеу жүргізіп жатыр. Полиция оқиғаның нақты себептері мен мән-жайын анықтауда.

Марқұмның жаназасы 8 мамыр күні шығарылып, денесі жер қойнына тапсырылды. Университет әкімшілігі студенттің анасы мен әпкесіне қолдау көрсететінін мәлімдеді.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар