Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Жалғыз қызымды аяусыз өлтірді: Марқұмның әкесі қоғамнан көмек сұрады

09:26, 16 мамыр 2024 647

Өз пәтерінде аяусыз өлтірілген дәрігер қыздың ісі әкесінің айтуынша бұрмаланып кетудің сәл-ақ алдында тұр.

Мөлдір Тұманованың әкесі халықтан көмек сұрайды. Ол қоғамнан жалғыз қызының өліміне кінәлі адам қатаң жазаға тартылуын бақылауды өтінді. Бұл туралы Alash.kz nur.kz сайтына сілтеме жасап хабарлады.

Марқұмның әкесі қызылордалық Қалдыбай Томаров Ақтөбеде тұрған қызымен соңғы рет телефон арқылы сөйлескен сәтін есіне алды.

"Бұл жағдай Ақтөбеде болды. Қызым сол жақта 10 жыл оқыды. Медициналық университетке мемлекеттік грантпен түсті. Оқуын бітіріп, сол жаққа жұмысқа кірді. Қызыммен оқиға болған күні кешкі уақытта сөйлескен едім. Сағат 23:30 шамасында хабарластық. Қызым Toyota Corolla деген көлігін сатқанын, Қызылордаға билет алып қойғанын, үйге қайтатынын айтты. "Ертең кешке мені пойыздан күтіп ал" деп қоштасып еді. Бұл соңғы рет сөйлескенім екен. Ертеңіне денесін ғана көрдім", - деді Қалдыбай Томаров.

Қаза болған дәрігердің туыстарына қайғылы хабарды полиция жеткізген. Дәрігердің әкесі қызының басынан өткен оқиғаны Бишімбаев ісімен салыстырды.

"Ертеңіне немерелерімді балабақшаға апарып, үйдің тірлігімен жүрдім. Телефоныма хабарлама келді. Әлдекімнің аты-жөні жазылған. "Сіздер мына адамды танисыздар ма?" деп жазылып тұрды. Біз оны танымаймыз, түсінген жоқпыз. Шамалы уақыттан кейін полиция қызметкері қоңырау шалып "Ақтөбеге келуіңіз керек, қызыңыз қайтыс болды" деп хабарлады. Төбемнен жай түскендей болды. У-шу болдық. Ағайындар жиналып, екі көлікпен жолға шықтық. Түнде жеттік. Әріптестері күтіп алды. Бірге жұмыс істеген әріптестері мәйітханада жатқан қызымды көрсетті. Жүрегінің тұсында сау жер жоқ. Аяусыз пышақ салған. Басына да пышақ кірген. Үйге әкелгенде де денені ашып көрдім. Басы мен жүрегінің тұсынан ұра берген. Үйге бір күн қондырып, жер қойнына тапсырдық. Бишімбаевтың ісі ойыншық боп қалады. Біз қан жылап отырмыз", - деді әкесі. 

Жалғыз қызынан айырылып, қара жамылған әке көз жасына ерік берді. Қазір марқұмның анасының да денсаулығы сыр берген.

"Мен үшінші топ мүгедегімін. 2005 жылы инфаркт алғанмын. Содан кейін денсаулық болмай қалды. Мына жағдай бізді есеңгіретіп жіберді. Бір ұл, бір қызым бар-тұғын… Жалғыз қызым… Қазір анасының да денсаулығы нашарлап кетті. Осы іске қоғамның қадағалауы күшейсе екен. Өзім әлеуметтік желіде парақша ашып қойдым. Өз қолы өзіне жетіп, еңбек етіп жүрген жалғыз қызымызды аяусыз өлтірді. Оған қатаң жаза тағайындалғанын талап етеміз. Оларға тағайындалған жаза да аяусыз болуы керек. Қоғам белсенділерінен көмек сұраймыз. Жағдайдың бұрмаланбауын, қатаң жазалауын бақылауға алса екен", - деді марқұмның әкесі.

 

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар