Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

“Жалақысын сұрап барып… Кәсіпкерді атып өлтірген” - СҚО-дағы жантүршігерлік оқиға туралы бар шындық белгілі болды (ФОТО)

17:10, 01 қараша 2025 458

Солтүстік Қазақстан облысының Тимирязев ауданында жалақыға байланысты жанжал қанды оқиғаға ұласты, деп жазады Alash.kz.

31 қазан күні кешкі уақытта Докучаево ауылында 22 жастағы Вадим Орлов есімді жігіт мас күйінде жергілікті кәсіпкер, “БурБат” ЖШС директоры Азамат Батановтың үйіне барған. Ол бұған дейінгі еңбегі үшін жалақысын сұрамақ болған.

Бейресми ақпаратқа сәйкес, кәсіпкер оған тиесілі ақшаны уақытылы төлемеген. Әңгіме барысында жанжал туып, Батанов ашуға берілген. Артынша, үйінен аңшы мылтығын алып шыққан. Ол Орловты қорқыту мақсатында аспанға оқ атқан.

Алайда жігіт мылтықты жұлып алып, Батановқа оқ атқан. Оқ кәсіпкердің басы мен ішіне тиіп, ол оқиға орнында көз жұмған. Қазіргі таңда күдікті ұсталып, тергеу амалдары басталды.

“22 жастағы күдікті қолға түсті. Аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің тиісті бабымен сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр”, – деп хабарлады СҚО полиция департаменті.

Белгілі болғандай, “БурБат” серіктестігі ауданның ең ірі ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының бірі болған. Компания дәнді және бұршақ дақылдарын өсіріп, мал шаруашылығымен айналысқан.

Қаза болған Азамат Батанов – өңірде беделді кәсіпкер, қайырымдылық істерімен айналысып, спортшыларға демеушілік көрсетіп жүрген тұлға ретінде танылған.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар