Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Жалақы алмайды»: Ерлан Саиров құрылатын Халық кеңесі туралы мәлімдеме жасады

14:15, 15 мамыр 2026

Парламент Мәжілісінің депутаты Ерлан Саиров елімізде құрылатын «Халық кеңесінің» заңдық мәртебесі мен атқаратын қызметі туралы мәлімдеме жасады, деп жазады Alash.kz. 

Депутаттың айтуынша, бұл құрылым бұрынғы консультативтік-кеңесші органдардан өзінің конституциялық мәртебесімен және мемлекеттік органдарға нақты ұсынымдар беру, тіпті референдум бастамасын көтеру құқығымен ерекшеленбек. Жаңа орган қоғамдық негізде жұмыс істейтін 126 мүшеден құралып, азаматтық қоғам мен мемлекет арасындағы тікелей байланыс көпіріне айналады.

Депутат Ерлан Саиров органның құқықтық артықшылықтарын былай деп түсіндірді:

«Халық кеңесі конституциялық орган, екіншіден Халық кеңесі Құрылтайға заң өткізуге құқылы, сонымен бірге референдум жасауға бастамашы болуға, Қазақстанның ішкі саясаты бойынша барлық мәселеге өз ұсынысын беруге құқылы. Яғни Халық кеңесі бұрынғы консультациялық органдардан ерекшелігі конституциялық орган болуында, сонымен бірге мемлекеттік органдарға нақты өзінің ұсынымдарын бере алады».

Кеңестің құрамы мен төрағаны сайлау тәртібіне тоқталған халық қалаулысы мынадай мәліметтерді алға тартты:

«Халық кеңесінің мүшелері қоғамдық негізде жұмыс істейді және үш бағыттан құрылады. Қазақстандағы ұлттық мәдени орталықтар, Қазақстанның азаматтық қоғам өкілдері, аймақтардағы мәслихаттар мен қоғамдық кеңес мүшелері. Халық кеңесінің мүшелері қоғамдық негізде жұмыс істейтін болады. Ең соңында тізімді заң бойынша Президент бекітеді. Төрағаны Президент ұсынады, бірақ оны сол Халық кеңесінің мүшелері өздері сайлап алады. Жалпы Халық кеңесінде 126 адам болады. Халық кеңесінің төрағасы кең өкілеттіктерге ие болады. Ол Халық кеңесінің жұмысын ұйымдастырады, аппаратқа басшылық жасайды, тиісті құжаттарға қол қояды. Төраға тәжірибесі бар, қоғамдық қызмет саласында жұмыс істеген адам болуы тиіс. Меніңше, бұл демократиялық жұмыс. Қазақстан Республикасының кез келген азаматы, егер оның тәжірибесі мен қоғамдық беделі болса, бұл лауазымға үміткер бола алады».

Сонымен қатар, депутат органның жұмыс регламенті мен қаржыландыру мәселесін нақтылады:

«Осы сессияның аясында Халық кеңесінің барлық шешімдері қаралады. Оның ішінде Құрылтайға заң ұсыну, референдум бастамасын көтеру және Қазақстанның ішкі саясатына қатысты барлық мәселелер талқыланады.Сессия кемінде жылына бір рет өткізіледі. Олар жалақы алмайды, тек қоғамдық негізде жұмыс істейді.Төраға жалақы алады, себебі оның жанында хатшылық болады. Хатшылық ол мемлекеттік орган Басқарушы мүше саны шамамен он адам болуы керек».

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар