"Қазыбек Иса шу көтерді. Жемқорлар "Жайлы мектеп" жобасының "қызығын" көріпті" деп, жазaды Alash.kz сайты Әшкере арнасына сілтеп.
Әуелде "Жайлы мектеп" деп сүйіншілеген жоба "майлы мектепке" айналып, біреулердің қалтасын қампитып отырғаны әшкереленіп жатыр.
Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса нақты фактілерге сүйене отырып, ұлттық жобаның Ұлттық қорды "опырып" жатқанын ашып айтыпты.
Ұлттық қордан осы жобаға 2023-2025 жылдарға бөлінген 1 трлн 493 млрд теңгеге барлығы 217 мектеп салу жоспарланған болатын.
Депутаттың есебіне сүйенсек, осы қаржыға 217 емес, кемі 1000 мектеп салуға болар еді.
"Бір мектептің орнына 4-5 мектеп салатын қаржы қайда кетіп жатыр? Есепсіз миллиардтардың сұрауы кімде?", - дейді мәжілісмен.
Мәселенің түп-тамырында мемлекеттік сатып алу жүйесіндегі жемқорлық жатыр. Әлихан Смайылов басқаратын Жоғары аудиторлық палата "Жайлы мектеп" жобасы аясында тек 2023 жылы 311,9 млрд. теңгенің беталбаты жұмсалғанын анықтаған.
Қазыбек Исаның пікірінше, бағдарлама бөлінген қыруар қаражат "жайлы мектепті" "майлы мектепке" айналдырып отыр.
"Мектептер салу үшін жеке кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан жер учаскелері беріліп, олармен сенімді серіктестік қатынас орнатылуы керек", -дейді депутат.
Ендігі мәселе – осы миллиардтардың нақты кімдердің қалтасына түсіп жатқанын анықтау.
Депутат осы орайда премьер-министрі Олжас Бектеновке, Бас прокурор Берік Асыловқа сауал жолдапты.