Астанада жедел жәрдем фельдшерінің үстіне кондиционер құлап, ол ауыр жарақат алды. Қазір фельдшердің жағдайы аса ауыр деп бағалануда, деп хабарлайды Alash.kz.
Денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Мұратовтың мәліметінше, зардап шеккен фельдшер реанимация бөлімінде жатыр.
“Қазір жансақтау бөліміндегі науқасқа барлық қажетті көмек көрсетіліп жатыр. Жағдайы өте ауыр, өмірлік маңызды функцияларды тұрақты қолдау қажет. Негізгі ота жасалды”,- деді Мұратов.
Оның айтуынша, тағы бір зардап шеккен адам да дәрігерлердің бақылауында, жағдайы ауыр.
Белгілі болғандай, 23 жастағы фельдшер Ұлдана Мырзуана ғимарат қасбеті құлаған жерге көмек көрсетуге келген. Алайда адамдарға алғашқы көмек көрсетіп жатқан сәтте, төртінші қабаттан кондиционер құлап, оның үстіне түскен.
Айта кетейік, Ұлдана небәрі екі апта бұрын тұрмысқа шыққан еді.