Италияның оңтүстігіндегі Бриатико қаласында қазақстандық Нұрдәулет Машариповтің денесі жағалаудағы жартастардың арасынан табылды, деп хабарлайды Alash.kz.
Марқұм Орал қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің (НЗМ) түлегі болған. Бұл туралы әлеуметтік желіде Дінмұхаммед Мұхтаров хабарлады.
Оның айтуынша, Нұрдәулет теңізге батып, жазатайым оқиғадан көз жұмған. Қазіргі уақытта марқұмның отбасы оның денесін Қазақстанға жеткізу үшін қаражат жинап жатыр.
«Орал қаласындағы НЗМ түлегі әрі шәкірті Машарипов Нұрдәулеттің Италияда қайғылы жағдайда өмірден өткенін қайғыра хабарлаймыз. Қазіргі уақытта оның денесін отанына, Қазақстанға тасымалдау үшін қаражат жиналып жатыр. Жалпы шығын көлемі – 8000 €», — деп жазды Дінмұхаммед Мұхтаров.
Нұрдәулет Машарипов Италиядағы университеттердің бірінде білім алып жүрген.
Оқиғаның мән-жайы
Италиялық БАҚ-тың хабарлауынша, елдің оңтүстігіндегі Вибо-Валентия провинциясына қарасты Бриатико қаласының маңында судан жас жігіттің денесі шығарылған. Тексеру барысында зорлық-зомбылық белгілері анықталған жоқ. Тек жағалаудағы жартастарға соғылған кезде алған жарақаттары тіркелген.
Алдын ала болжам бойынша, ол суға батып кеткен болуы мүмкін. Сарапшылардың бағалауынша, дене табылғанға дейін шамамен 15 сағат бұрын өлім тіркелген. Марқұмның жанынан ұялы телефоны, ал жартастардың үстінен сөмкесі мен киімдері сияқты жеке заттары табылған.
СІМ ресми мәлімдемесі
ҚР Сыртқы істер министрлігі Қазақстанның елшілігі мен Италияның құзырлы органдары оқиғаның мән-жайын анықтап жатқанын хабарлады.
«Қазақстандық дипломаттар марқұмның туыстарымен байланыста отыр және қажетті консулдық-құқықтық көмек көрсетуде», — делінген ресми хабарламада.