Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде студенттердің жеке деректеріне қатысты тағы бір дау туындады. Бұл жолы құпия сақталуы тиіс мәліметтер – студенттердің медициналық жағдайы мен жеке әдеттеріне қатысты деректердің тарап кеткені белгілі болды, деп хабарлайды Alash.kz.
Университет басшылығы оқиғаның болғанын растады. Қазіргі таңда ішкі тексеріс жүргізіліп жатыр. Проректор Бақытжан Омаровтың айтуынша, деректерді кімнің таратқаны әзірге анықталмаған. Егер оған оқу орнының қызметкерлері қатысы бар екені дәлелденсе, мәселе тәртіптік кеңесте қаралады.
Ректорат өкілдері университетте студенттер мен қызметкерлердің медициналық жағдайы және оқу орнындағы іс-әрекеттеріне қатысты есеп жүргізілетінін жасырмады. Олардың сөзінше, бұл – ішкі тәртіптің бір бөлігі. Дегенмен мұндай ақпаратқа тек арнайы жауапты бөлім ғана қол жеткізе алады. Соған қарамастан, деректердің қалай сыртқа шыққаны әзірге белгісіз.
Аталған жайтқа байланысты прокуратура да тексеріс бастаған. Қадағалаушы орган деректердің сақталуына жауапты тұлғалардың әрекетіне «Жеке деректер және оларды қорғау туралы» заң талаптары аясында құқықтық баға берілетінін мәлімдеді.
Айта кетейік, мұндай жағдай университетте алғаш рет болып отырған жоқ. Бұған дейін де студенттердің жеке өміріне қатысты мәліметтер тарап кеткен. Сол кезде оқу орны жекеменшік медициналық мекемемен келісімшартты бұзып, мемлекеттік ауруханамен жұмыс істеуге көшкен еді.