Әскерге сау барып, мүгедек болып оралған Ербаян Мұхтар ісі бойынша жаңа деректер белгілі болды. Сарбаздың адвокаты Инга Иманбай Ербаянның ісі бойынша сараптама дайын болса да, құзырлы органдар оны бермей жатқанын айтып, дабыл қақты, деп жазады Alash.kz ұлттық порталы.
«Ербаянның ісі бойынша сараптама дайын. Бірнеше күннен бері сіздерге айтар жаңалығым бар деп жүргенім осы еді. Негізі, сараптама әлдеқашан дайын болған. Бірақ тергеуші оны екі күн бұрын ғана айтты. Ал, кеше сараптамамен танысуым керек еді. Мен тергеушіні келіскен уақытта күттім, ол қоңырауға жауап берген жоқ. Кеш болып кеткесін телефонына хабарлама жаздым. Жауабы маған сылтау, уақыт созу сияқты көрінді. Тергеуге қатысты күмәнім күшейді. Әйтпесе, дайын тұрған сараптамамен таныстырудың несі қиын? Сондықтан, іс бұрмаланып, кінәлілер, Ербаянды осы күйге жеткізгендер жазасыз қала ма деген күмәнім күшейді. Жағдайды осы жерге ашық жазып, тергеуден, құзырлы органдардан жауапты ашық талап етемін», - деді Инга Иманбай.