Алматыда Қытайдан тауар жеткіземін деп жүздеген адамды алдаған кәсіпкерге сот үкімі шықты, деп жазды Alash.kz.
Алматыда өзін Қытайдан тауар жеткізуші ретінде таныстырып, жүздеген адамды алдаған кәсіпкер Арайлым Қажымұратоваға қатысты сот үкімі шықты.
Әлеуметтік желіде «Айс Муратова» атымен танылған Арайлым Қажымұратова адамдарға жиһаз, тұрмыстық техника және ыдыс-аяқты көтерме бағамен жеткізіп беруге уәде еткен. Ол негізінен бөлшек саудамен айналысатын кәсіпкерлермен жұмыс істеп, тиімді ұсыныстар арқылы олардың сеніміне кірген.
Клиенттер ақшаны оның және туыстарының есепшоттарына аударып отырған. Алайда уәде етілген тауарлар жеткізілмей, жиналған қаражат жымқырылған.
Тергеу мәліметінше, келтірілген жалпы шығын көлемі 4,5 миллиард теңгеден асқан. Іс бойынша 290 адам жәбірленуші деп танылды. Ал сотқа дейінгі шағымдар бойынша жалпы зардап шеккендердің саны 5 мыңнан асқаны айтылған. Кей деректерде келтірілген шығын көлемі 30 миллиард теңгеге жуық деп көрсетілген.
Сот процесі алты айдан астам уақытқа созылды. Нәтижесінде сот шешімімен Арайлым Қажымұратова 12 жылға бас бостандығынан айырылды. Алайда кәмелетке толмаған баласының болуына байланысты жазаны өтеу мерзімі бір жылға шегерілді.
Сонымен қатар ол жәбірленушілерге келтірілген материалдық шығынды өтеуге міндеттелді.
Іс бойынша тағы 12 адам сотталды. Олар әлеуметтік желілерді жүргізіп, клиенттерді тартумен айналысқан және қоймада жұмыс істеген. Сот оларды 6 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айырды.
Жәбірленуші Айгүл Мақанованың айтуынша, келтірілген шығын әлі толық өтелмеген.
«Олар бізді Қытай мен Түркиядағы зауыттармен тікелей жұмыс істейміз деп сендірді. Бірақ шын мәнінде тауарды базардан алып, бізге алдап отырған. Барлығы туыс болып шықты. Ақшаны саяхатқа жұмсап, ешқандай есеп жүргізбеген. Халықтың ақшасын бей-берекет шашқан», – дейді ол.
Жәбірленушілердің айтуынша, бастапқыда шағын тапсырыстар уақытында жеткізіліп, сенім қалыптастырылған. Кейін ірі көлемдегі қаржы жиналған соң, кәсіпкер байланысқа шықпай кеткен.
Бұл оқиға елдегі ең ірі алаяқтық істердің бірі ретінде қоғамда үлкен резонанс тудырды.