Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

"Іріген ауызды кейбіреулер қазірден қазақ боксшыларын өзбек, жапоннан жеңілдіріп қойды". Журналист "диван сарапшыларға" шамданды

13:31, 27 шілде 2024 718
Белгілі спорт журналисі Бақтияр Тайжан Парижге аттанған қазақ спортшыларына сын айтып, жеңіске жететін әлеуетіне күмән келтірген азаматтарға шүйлікті. «Іштен шыққан жау жаман» дегендей өз отандасына келгенде жаман пиғылын аңғартатындар көбейіп бара жатқандығы алаңдатады" деп қынжылды журналист. Бұл жайлы Alash.KZ ұлттық порталы хабарлады. 
 
Белгілі спорт журналисі өзінің әлеуметтік желі парақшасында спортшыларымыздың шама-шарқына күмән келтігендерге шүйлікті: 
Төрткүл дүние көз тігіп, демін ішінен алып отырған Олимпиада ойындары басталды. Отанымыз 80 спортшысын аламанға қосып, тілеуін тілеп отыр. Қазақстан Тәуелсіздік алғалы қатысқан Олимп ойындарынан боксшыларымыз алтынсыз қайтпаған еді. Токио олимпиадасында ғана сәтсіздік болды. Біздің спорт журналисткасындағы ұстаздарымыз атақты Сейдахмет Бердіқұлов, Несіп Жүнісбаев, берісі Қыдырбек Рысбекұлы еді. Саңлақтарымыз туралы намысты қайрау болмаса ауыздарынан бір ауыз жаман сөз шықпайтын. Мына Қыдырбек 1986 жылы Дәулет Тұрлыханов КСРО чемпионы болғанда «Леиншіл жас» газетінің айқарма бетіне «Халықтың Дәулеті» деген мақала жазды. Жақсылық Үшкемпіров, Шәміл Серіковтей саңлақтар күрес кілемінен кетіп, қазақ спортының қожырап тұрған шағы. «Артыңдағы талантты інілерің өсіп жеткенше еліміздің байрағын сен көтересің. Жеңілуге хақың жоқ» деп шегелеп, кескекті ердің сойы Дәулетке «шегінерге жол қалдырмадың ғой» дегізген еді. Сол Дәулет Тұрлыханов Кеңес империясының бұғауын бұзып, жеті дүркін чемпион болды. Әлемде бәсі бөлек балуан болды, - деді автор.
Кейіннен спорт саңлақтарының сағын сындыруға кіріскендерді айыптады: 
 
Мұның бәрін неге еске салдық?! Олимпиада ойындары басталмай жатып кейбір диван батырлар саңлақтарымыздың сағын сындыруға кірісіп кетті. Қазақстан бокс құрамасының бұл жолғы құрамы мықты. Алтын алады деген жампоздардың қатарында Оңтүстіктен Махмұд Сабырхан мен Сәкен Бибосынов бар. Алайда, қолынан боқтан басқа түк келмейтін, аузымен орақ оратын кейбіреулер үшін осы боксшыларымыз түкке тұрмайды екен. Сондай біреудің сараптауы бойынша, біз алтын алады деп тілеуін тілеп жүрген Сәкен Бибосынов өзбек Хасанбой Дусматовтан жеңіліп жарыстан шығып қалады екен. Әлемдегі үздік боксшылардың бірі, арыстан жүректі Махмұд Сабырхан өзбек боксшысы Әбдумалик Холоковтан оңбай ұтылады екен. Қамшыбек Қонқабаев пен Бахадыр Жалолов туралы не ойлайтынын айтпай-ақ қоялық. Тағы бірі олимпиадада қазақ байрағын көтерген Асланбек Шынбергеновты жапон Севон Окадзаваға жығып беріпті. Қазақта «жақсы сөз-жарым ырыс» деген мағынасы жақсы мәтел бар. Парижде жүрген, туған Отанынан жылы сөз күтіп, жүректері лүпілдеп жүрген саңлақтарға жамандық шақырған бұл мұндарларға қашан тиым болады. Жаудың сөзін айтатындай не басыңа күн туды?! Терезесі тең жекпе-жекте қазақ баласы жеңіске жетпейтіндей шешесі қалжа жемеген бе?! Тап осы ойды өзбек журналистері шекесіне мылтық тіреп қойсаң да айтпайды. Сонау 80-ші жылдары өзбек боксы қазақ боксының қолына су құюға жарамайтын. 1984 жылы Ташкентте КСРО чемпионаты өткенде Кәрімжан Әбдірахманов, Серік Нұрқазов, Серік Қонақбаев және Асылбек Қилымов алтыннан олжа салды. Бір өзбек боксшысы өз елінде финалға жеткен жоқ. Кейін дәуірлесе өз елімізде шыққан сатқындардың арқасында қазақ боксының алдын орады. Бұл туралы кейін әлбетте жазамыз.
 
Рас, олимпиада ойыншық емес. Мықтының мықтысы жеңеді. Алайда, «іштен шыққан жау жаман» дегендей өз отандасына келгенде жаман пиғылын аңғартатындар көбейіп бара жатқандығы алаңдатады. Бір кездері тағы бір жұлдызымыз Сәкен Бибосыновқа осы жауынқұрттар жабысып, бәлелі сөз айтып, саңлағымызға ауыр сөз айтқызған. Жігерін жасытқан. Көзіне жас алдырған. Әлемдегі ең үздік бапкер атағын бір емес екі рет алған Қазақстан бокс құрамасының бас бапкері Мырзағали Айтжанов туралы ғайбат сөз жазды. Әлгі мәселе бойынша белгілі журналист, спортты біліп жазатын Абай Балажан пост жазды. Қазақ спортының білгірі, қазақ баласының жеңісі үшін жүрегін жұлып беруге бар Қыдырбек Рысбекұлы алаңдаушылық білдірді.
 
Мың жерден сарапшы болсаң да дүниежүзілік аламан алдында айтар сөз емес еді. Жау ғана жамандық шақырады. Мұндайда қазақ жамандығы өзімен кетсін дейді. Олимпиада ойындары-спорт жарыстарының төресі. Оғландарымыз лайықты өнер көрсетіп, Қазақстан қоржынына алтын бастаған медальдардан салым салады деген ниеттеміз. Ақсарбас! - деп түйіндеді журналист.
 
Еске сала кетейік, Париж олимпиадасында бақ сынайтын боксшыларымыздың алғашқы айналымдағы қарсыластары анықталды. Кейбіреулері алғашқы айналымда-ақ мықтылармен жұдырықтасады. Назарларыңызға қазақстандық боксшылардың бірінші кезеңдегі қарсыластарын ұсынамыз:

Ерлер: 

51 келі. Сәкен Бибосынов – Самет Кумуш (Түркия)

57 келі. Махмұд Сабырхан – Хосе  Кильес (Испания)

63,5 келі. Мұхамедсабыр Базарбайұлы – Ойер Ибаррече Конде (Испания)

71 келі. Асланбек Шымбергенов – Зияд Ишиаш (Иордания)

80 келі. Нұрбек Оралбай – Каллум Петерс (Австралия)

92 келі. Айбек Оралбай - Олайтан Адам Олаор (Нигерия)

+92 келі.  Қамшыбек Қоңқабаев -  Гадфа Дрисси (Испания)

Әйелдер:

50 келі.  Назым Қызайбай - Джиордана Соррентино (Италия)

57 келі.  Карина Ибрагимова - Лозада Мотта Ашлейан (Пуэрто-Рико)

75 келі. Валентина Хальзова - Атейна Билон (Панама)

Айта кетейік, былғары қолғап шеберлерінің алғашқы жекпе-жектері 27 шілде басталады. Жарыстың алғашқы күнінде Мұхаммедсабыр Базарбайұлы испаниялық боксшымен жұдырық түйістіреді.

 

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар